"Сақ болыңыздар". Қазақстандық дзюдошы алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті

03 маусым 2022, 08:15

Ақтаулық дзюдошы Айбек Имашев өздерін арнайы операция жүргізіп жатқан тәртіп сақшысымын деп таныстырған алаяқтардың құрбаны болған. Бұл туралы спортшы Instagram парақшасында айтты, - деп хабарлайды inaktau.kz сайты.

"Қазір бәріміз Жаңа Қазақстан туралы айтып жатырмыз, Жаңа Қазақстандағы алаяқтар да жаңа деңгейге көтеріліпті. Бүгін іссапарға барар алдында мен олардың құрбаны болдым. Енді сіздерден мен сияқты өрескел қатеге жол бермеуді және осы алаяқтарды  ұстауға көмектесуді сұраймын", - деп жазды халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Имашевтың айтуынша, алаяқтар оның картасына іссапарға баруға арналған қомақты сома түскен соң хабарласқан. 

"Іс-сапар алдында жеке картама қомақты қаражат түседі. Сол бойда маған Ұлттық банк қызметкерімін және сізге құзырлы органдардан хабарласады деп бір адам звондады. Кейін құзырлы органнан хабарласып тұрмыз, сіздің шотыңыздан осынша сумма бар деп хабарласып, оны шешіп алуымды және көрсетілген есепшотқа салуымды сұрайды. Өзін Рустам Абдрахманов деп таныстырған азамат осы нұсқаулықты орындау арқылы қылмыскерлерді (мощенииктер) ұстауға көмектесетінімді айтты. Телефонда өзін Алматы қаласы полиция Департаменті бастығының тергеу бойынша орынбасары ретінде арнайы операция жүргізіп отырғанына сендірді және операция аяқталғанша ешкімге тіс жармауымды сұрады. Егер алаяқтар күдіктенсе, ұстай алмай қаламыз деді.

Көрсетілген есепшотқа банктен шешіп алған сумманы салған бойда, телефон номерлері байланыс аясынан тыс жерде. 

Айдың күннің аманында іс-сапарға деген қаражатым қолды болды. Ал олардың бәрі бостандықта, тіпті мемлекеттік, ұлттық органдардың атын жамылып, ойларын ешқандай қиындықсыз жүзеге асыруда.
Мұндай жағдай тек біреу емес, өте көп деп ойлаймын. Біздің құзырлы органдар неліктен бұларды бақылауға ала алмайды? ", - деп толықтырды спортшы.

Маңғыстау облысының полиция департаменті жыл басынан бері облыста 618 алаяқтық дерегі тіркелгенін, оның ішінде 382 интернет-алаяқтық екенін айтты.