Шамалған ауылының тұрғындары газ бағасының қымбаттауына наразы

04 мамыр 2023, 15:57

Алматы облысында Шамалған ауылының тұрғындары газ бағасының негізсіз қымбаттауына наразылық білдіруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шамалған ауылының тұрғындары көгілдір отынның мәселесін оңтайлы шешуді сұрайды. Жұртшылық желтоқсаннан бері тариф бағасының негізсіз қымбаттағанына наразы.

Бес айдан бері газдың ақшасын төлемеген тұрғындар шамамен 100 мың теңгеге жуық қарыздары барын айтады. Компания өкілдері үш үйдің құбырын газ беруден ажыратқан.

Ал Қарасай ауданы әкімінің орынбасары сәуір айының басынан тариф құны 28 теңге 98 тиынға төмендегенін жеткізді. Алайда, бұл шешіммен газбен қамтамасыз етіп отырған компания келіспейді.

«Прокуратура және электр энергиясының көтерме сауда нарығын бақылайтын департамент шынымен де, заң бұзушылықтардың болғанын анықтады. Сол үшін де тариф бағасын төмендетіп отыр. Бірақ «СИГМА ГАЗ» ЖШС бұл шешіммен келіспейді. Мәселе жылыту маусымына дейін толыққанды шешіледі деген ойдамыз», - деді Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Марлен Қасенов.

Әкімдік қызметкері тұрғындардың осы уақытқа дейін жиналған қарызын үш айға бөліп төлеу үшін компаниямен келіскенін жеткізді. Сонымен бірге ешбір айыппұл салынбайды.

Айта кетейік, «СИГМА ГАЗ» компаниясы бұл жағдай бойынша жауап беруден бас тартты.