Шаруалар ақбөкендердің шамадан тыс көбеюіне алаңдап, атуға рұқсат сұрап отыр

05 маусым 2022, 00:15

Батыс Қазақстан облысындағы шаруалар егіндеріне алаңдап отыр. Олар ақбөкендердің шамадан тыс көбеюі шығынға батырмас па екен дейді.

Тіпті олар өңірде төтенше жағдай режимін енгізу керектігін айтады, деп хабарлайды Экспресс К.

Бөкендердің көптігіне алаңдағандардың бейнежазбасы Тiktok-та тарады. Видеода иен далада жайылған сансыз жануарларды көруге болады. Тіпті бейнежазба авторы "бір миллионға жуық жануар бар шығар" деген болжамын да айтқанын естисіз.

БҚО шаруалары өңірде төтенше жағдай жариялап, егін даласына қауіп төндірген жануарларды атуға рұқсат сұрап отыр, — деп жазылған бейнежазбаға түсініктеме ретінде.

Десе де пікірлер арасында облыс әкімінің жауабын да көруге болады. Яғни өңір басшысы шаруаларға заң жүзінде ғана әрекет етуге болатынын ескерткен. Әрі егін даласына жақындаса тек қуумен шектелу керектігіне тоқталған.