ШҚО-да жабық жолға шыққан жүргізуші жауапкершілікке тартылды

23 қаңтар 2023, 09:34

ШҚО-да жабық жолға шыққан жүргізуші жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ШҚО полицейлері жол қозғалысының авариялық учаскелерінде қызмет атқаруды күшейтіп, жолда қалған жүргізушілерге көмектесті. Сондай-ақ күн сайын бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде құқықтық тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына өздерінің және жақындарының өмірін қатерге тікпеуді және қолайсыз ауа райы жағдайында жолға шықпауды ескертіп отырды. Алайда жол тосқауылдарын айналып өтіп, жолға “шыққандар” да болды.

Мәселен, осы жылдың басында Зайсан ауданының 39 жастағы тұрғыны полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбай, Toyota Avalon автокөлігімен ауа райы жағдайына байланысты жабылған Омбы – Майқапшағай республикалық маңызы бар тасжолына шыққан. Жүргізушінің бұл әрекеті полиция қызметкерлерінің назарынан тыс қалмады.

Ол 16 қаңтарда Зайсан аудандық сотында ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Процесс барысында жүргізуші өз кінәсін мойындаған. Баптың санкциясына сәйкес, барлық жағдайларды ескере отырып, тәртіп бұзушыға 21 АЕК мөлшерінде (72450 теңге) әкімшілік айыппұл салынды.