ШҚО жолдарын күтіп-ұстамағаны үшін 100-ден астам шенеунік жазаланды

27 сәуір 2022, 08:36

Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері жыл басынан бері жолдарға 1500-ден астам тексеру жүргізіп, 100-ден астам лауазымды тұлғаны жауапқа тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, әкімшілік полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жолдардың жағдайына тексеру жүргізуде.

Жыл басынан бері көшелер мен жолдарға 1 500-ден астам тексеру жасалды. Соның нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді жоюға қатысты 1 400 ұйғарым жасалды.

«Көшелерді, жолдарды күтіп-ұстаудағы олқылығы үшін жол-коммуналдық мекемелердің 118 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл тізімде жергілікті атқарушы органдардың жауапты қызметкерлері, бөлім басшылары мен мамандары, квазимемлекеттік сектор және мердігерлік ұйымдардың өкілдері бар», - делінген ақпаратта.

Полиция департаментінің ұсынысы бойынша Өскемен және Семей қалаларында жаңа 6 бағдаршам орнатылмақ. Сондай-ақ осы қалалардағы жолдарға 30-дан астам оң жақ бұрылыс жасалады.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-дағы шекаралық аудандарда жол жөндеуге қатысты 37 жоба іске асырылатындығын хабарлаған едік.