Шымкентте көшеде қалған алты балалы әйелге екіқабатты үй сыйға тартылды

23 қаңтар 2023, 10:48

Шымкентте өткен аптада әйел тұрып жатқан жалдамалы баспана өртеніп, алты баласымен көшеде аяздың ортасында қалған жалғызбасты ана Нәзира Дүйсенбаеваға екі қабатты үй сыйға тартылды, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы OTYRAR телеарнасына сілтеме жасап. 

Көп балалы ананың шарасыздығына журналистер, қоғам белсенділері мен еріктілер қайырымдылық акциясын ашу арқылы үн қосты. Мейірімді қазақстандықтар сегіз күн ішінде 22 миллион теңгеден астам қаржы жинады.

«Мен өте қуаныштымын. Бұл менің балаларымның бақыты. Ақыры олар өз үйлеріне қоныстанды. Қарапайым халыққа және бізге көмектескен барша адамдарға рахмет. Бір кездеоі осы үйдің жанынан өткенде осындай үйде тұруды армандайтынмын, енді  арманым орындалды.Балалар осы үйде орналасып, бөлмелерімен бөлісіп жатыр.Айтпақшы, өртеніп кеткен жалдамалы үй «Елге қызмет» қорының қаржысынан толық қалпына келтірді. Оларға мың алғыс», - деді Назира Дүйсебаева көз жасын тыймай. Ол болған оқиғаға әлі де сене алмайтынын айтты.

«Қайнар бұлақ» тұрғын алабындағы жаңа тұрғын үй құны 19,5 миллион теңгені құрады. Жиналған ақшаның қалған бөлігі несиелерді жабуға да жұмсалған.

Кәсіпкер Нұргүл Қобыланованың айтуынша, бар ақшаны қарапайым халық жинаған.

«Жиналған қаржыға тұрмыстық техника, кілем, киім-кешек сатып алынды. Жиналған қаражат қарапайым халықтың көмегі мен ақшасы екенін тағы бір мәрте еске салғым келеді», - дейді кәсіпкер әйел.

Көп балалы анаға «Медикер» серіктестігінің бас директоры Бақытжан Позилов та көмек қолын созды. Ол отбасының медициналық көмекті тегін ала алатынын айтты.

«Біздің компания шет қалмады және отбасына көмектескісі келді. Біз Назира мен оның балаларының денсаулығына толықтай жауаптымыз. Бүгін мен өзім келіп, балаларды тексердім. Жақында балаларды да, анасын да тексереміз. Мұның бәрі тегін болады», - деді Позилов.