Станция, вокзал және пойыздарға қосымша 1300 бейнебақылау камерасы орнатылады

04 маусым 2022, 14:41

«ҚТЖ» ҰК» АҚ - да темір жолда мүліктің қауіпсіздігі мен сақталуы деңгейін арттыру жөніндегі жол картасын іске асыру бойынша кеңес өтті. Жол картасы бойынша станция, вокзал, жолаушылар пойыздары мен перрондарда қосымша бейнебақылау камераларын орнату мәселесі қарастырылды. Бейне полиция бөлмелеріндегі мониторларға түседі және кем дегенде 30 күн сақталады. Бұл туралы Azattyq Rýhy «Қазақстан темір жолы» ҰК баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

 
Бейнебақылау камералары қай жерде орнатыларын бірлескен жұмыс тобы анықтайды. Жолаушылар қауіпсіздігі үшін бейнекамералар жолаушылар пойыздарының вагон-мейрамханаларында да болады.

2023-2024 жылдар ішінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ барлық локомотивтері сыртқы және ішкі бақылаудың бейнетіркегішімен жабдықталады. 1300 бейнетіркегіш орнатылады. Қазір бейнебақылау жүйесі 158 локомотивте жұмыс істеп тұр.

Жол картасын іске асыру аясында жылжымалы құрамды өлшеуге арналған станциялық парктердегі вагон таразыларының саны артады. Осы мақсатқа «ҚТЖ - Жүк тасымалы» ЖШС 300 млн.теңге бөледі.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ адамдар мен малды басу санын азайту бойынша алдын алу іс-шараларын іске асыруда. Жалпы ұзындығы 207 км-ден асатын 25 станция мен 2 аралық бөгде адамдардың станциялық жолдарға шығуынан қоршалған. Аса қауіпті жерлерде ескерту белгілері орнатылады.