Талап етілмеген ақша салымшының БЖЗҚ-дағы шотына аударылады

07 мамыр 2022, 22:35

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының таратылатын сегіз банк бойынша төлемдері ойдағыдай аяқталды. Аталған мерзімге дейін талап етілмеген кепілді өтем сомалары салымшылардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған жеке зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.  

 
ҚР заңнама талаптарына сәйкес, өтем сомаларын аудару төлем мерзімі аяқталған күннен бастап, күнтізбелік 30 күн ішінде, яғни 2022 жылдың 31 мамырына дейін жүзеге асырылады.

Зейнетақы қорына «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Қазақстан Эксимбанкі» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ және «AsiaCredit Bank» АҚ салымшыларының өтем сомалары аударылады.

«Бұл салымшылар үшін өтем сомаларының БЖЗҚ-ға аударылуы жайында уайымдаудың еш қажеті жоқ – банктердің клиенттеріне бұл рәсім бойынша қосымша ақпарат беріледі. Депозиторлар өтем ақшаларының зейнетақы шоттарына есептелгендігін 31 мамырдан кейін БЖЗҚ ресми сайтындағы жеке кабинеті, мобильді қосымшасы және БЖЗҚ-ның жергілікті кеңсесінен білуге болады. Сондай-ақ бұл ақпаратты «электрондық үкімет» порталы немесе ҚДКБҚ-ға тікелей жүгіну арқылы алуға болады», делінген Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының ресми хабарламасында.

Сонымен қатар төлем мерзімі аяқталған соң да, оның ішінде талап етілмеген өтем сомасы БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда да заңнама жүзінде салымшы үшін өзіне тиесілі өтем сомасын алуға өтініш беру мүмкіндігі қарастырылған.