Таразда қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарға сот үкімі шықты

04 маусым 2022, 17:56

Тараз қаласының № 2 сотында жаппай тәртіпсіздікке қатысқан сегіз сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Сотта 2022 жылғы 4 қаңтарда сегіз адам Тараз қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып, күш қолданғанын және бүлдіру, қирату, мүлікті жою әрекеттерін жасағаны анықталды. Сотталушылар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің денсаулығына зиян келтіріп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жұмылдырылған полиция мен әскери қызметшілердің заңды талаптарына бағынбады.

Прокурор сотталушыларды ҚР Қылмыстық кодексінің 63-бабына сәйкес - шартты түрде пробациялық бақылау орната отырып, төрт жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот кінәлілердің әрекеттері ауыр қылмыстар санатына жататынын және оларды жасаған қылмыстары үшін үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін айтты. Жаза тағайындау кезінде сотталушылардың шын жүректен өкінуі, бұрын-соңды сотталмауы сияқты фактілер қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп танылды. Сот ауырлататын жағдайларды қарастырған жоқ.

Осылайша, сот пробациялық бақылауды белгілей отырып, сотталушылардың әрқайсысын төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.