Тәтті шие орнына өрік. Өзбекстаннан контрабанданы қалай әкеледі

04 маусым 2022, 00:25

Заң бұзушылар контрабанданы алып келу кезінде түрлі схемаларды қолданады. Мәселен, «жаңа піскен тәтті шие» орнына ілеспе құжаттарда «жаңа піскен өрік» көрсетілген, оның «тәтті шие» бағасынан бірнеше есе арзан екені белгілі.  
 
Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.

Әдетте, жаз мезгілінде Өзбекстан Республикасынан жеміс-көкөніс өнімдері мен кептірілген жемістер көптеп әкелінеді, бұған халықаралық сауда кезінде әкімшілік кедергілер жасамай, кедендік бақылауды жедел жүргізуді қажет етеді. 

Осыған байланысты, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті кедендік бақылау жүргізу кезінде көлік құралдарындағы тауарларды тексеруге мүмкіндік беретін инспекциялық-тексеру кешендерін сәтті қолданады және кедендік декларацияларда мәлімделген тауарлар туралы мәліметтерде алшақтық болған жағдайда, нақты кедендік тексеру жүргізуге мүмкіндік береді. 

Мәселен, жыл басынан Қазақстан Республикасының аумағына келген көлік құралдарын кедендік жете тексеру нәтижелері бойынша жалпы салмағы 1 000 тоннадан асатын тауарларды декларацияламау фактілері анықталды.

Атап айтқанда, ағымдағы жылғы 23-31 мамыр аралығында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Сарыағаш станциясы» және «Қапланбек» кеден бекеттерінің қызметкерлері айтарлықтай көлемде тауарларды декларацияламау фактілерін анықтады.


Мысалы, 2022 жылғы 29 мамырда «Сарыағаш станциясы» кеден бекетінде кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде жалпы салмағы 57,8 тонна контрабандалық жүк анықталды  (күріш – 30 тонна, итмұрын – 5,7 тонна, науат (шығыс тәттілері) – 1,8 тонна, кептірілген мейіз – 4 тонна, зығыр майы – 2 тонна, халва – 1,8 тонна және т.б.). Құжаттар бойынша «ассортименттегі кептірілген жемістер» тауарлары көрсетілген.

2022 жылғы 1 маусымда «Қапланбек» кеден бекетінде кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде салмағын 9,7 тоннаға төмендету арқылы, салықты көп қажет ететін тауарды (жаңа піскен тәтті шие) дұрыс емес декларациялау фактісі анықталды. 

Сонымен, «жаңа піскен тәтті шие» орнына ілеспе құжаттарда «жаңа піскен өрік» көрсетілген, оның «тәтті шие» бағасынан бірнеше есе арзан екені белгілі.

Анықталған бұзушылықтар бойынша сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар жауапкершілікке тартылды.

Кедендік бақылауды күшейту және жетілдіру жөніндегі жұмыс басқа мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен тығыз өзара іс-қимылда жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн.

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті заңнама бұзушылықтарын жоюда бизнес-қауымдастықты қолданыстағы кеден заңнамасын мүлтіксіз сақтауға шақырады.


BAQ.KZ