Заңсыз айналымнан 61 қару, 13 граната және 1170 оқ-дәрі тәркіленді – ҰҚК

04 маусым 2022, 18:34

2022 жылғы сәуір-мамыр айларында Ұлттық қауіпсіздік комитеті және оның аумақтық департаменттері заңсыз айналымнан, оның ішінде «қаңтар оқиғалары» кезінде ұрланған қаруды іздеу және алу бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 
Алматы облысында «Байкал» тапаншасы, 2 мылтық, 10 граната және әр-түрлі калибрлі 104 оқ жасырылған орын табылды.

Жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардан 3 бірлік қару мен 109 оқ-дәрі тәркіленді.

Аймақтың қылмыстық өкілі «Макаров» тапаншасын сату кезінде ұсталды. Оның тұрғылықты жері бойынша «қаңтар оқиғасы» кезінде Талдықорған қалалық полиция басқармасынан ұрланған тағы бір тапанша тәркіленді.

«Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларды, соның ішінде Президент резиденциясына шабуыл жасағандарды ұстау барысында «Глок» маркалы тапанша мен 29 оқ және 3 тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді. Тергеудегі «Қазақстандық» ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері өз еріктерімен 39 бірлік қару, 1 дауыстық граната, 1 броньды сауыт және 98 оқ тапсырды», - делінген ҰҚК таратқан хабарламада.
Полиция органдарымен бірге «Қорған» аңшылық дүкенінен қару ұрлауға қатысы бар өңірдің тұрғындары ұсталды. Тінту барысында олардың тұрғылықты жері бойынша оптикалық нысана, тегіс ұңғылы оқпен жабдықтауға арналған станок, сондай-ақ «ASG» страйкболға арналған мылтық алынды.

Жамбыл облысында «Калашников» автоматы, револьвер, «Сайга» карабині және 328 оқ-дәрі жасырылған орын табылды.

Қызылорда облысында «Калашников» автоматы, «Макаров» тапаншасы, «Борз» тапанша-пулеметі, «Сайга» карабині, «Ф-1» гранатасы және 59 оқ-дәрі жасырылған орындар анықталды.

Шығыс Қазақстан облысында Полиция департаментімен бірге жасырын жерден 1 шолақ мылтық, 1 «РГ-42» гранатасы, 168 оқ-дәрі және 1 броньды сауыт алынды.

Түркістан облысында полиция органдарымен бірге «Мосина» маркалы мылтық тәркіленді.

Заңсыз айналымнан барлығы 61 қару, 13 граната және 1170 оқ-дәрі тәркіленді.