"5:32" сериалының жұлдызы құмар ойын ойнағанын мойындады

10 желтоқсан 2021, 10:08

Актер Әбілмансұр Серіков әкесімен қарым-қатынасы және құмар ойнағаны жайлы журналист Аман Тасығанға сұхбат берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 
Әбілмансұр Серіков - әйгілі актер Әбунасыр Серіковтің тұңғыш ұлы. Бүгінде көрермен көзайымына айналған "5:32" веб-сериалында Шалқардың рөлін сомдаған. Ата-анасы өнер адамдары болғандықтан, бұл салаға бала кезден қызыққан. Айтуынша, әкесі екеуі бір салада жүргендіктен, араларында көзқарас қайшылығы болмайды. Екеуі тіпті, бір-бірінің өнеріне араласпайтын болып шықты. Есесіне өмірде дос, ағалы-інілі қарым-қатынаста екенін айтады. 

"Екеуміз доспыз, ол менің інім сияқты. Қатты еркелейді. "Сіз 91-сіз, мен 2001-мін деп қалжыңдайды. Кезінде қатал тәрбиеледі, сол тәрбиесімен өстік. Еш жаманшылық көрген жоқпын. Өз орнымды білемін, түзу жүруге тырысамын", - дейді Әбілмансұр.

Өнерге бала кезінен араласқан актер әр образына тыңғылықты дайындалатынын айтып өтті. Мәселен, "Ойыншы" атты картинаға дайындық барысында образға кіру үшін құмар ойнағанын мойындады. 

"Өтірік айтпаймын, ставка қойдым, карта ойнадым. Өйткені сол атмосфераны сезіну керек болды. Үйге таңда келемін. Анам уайымдайды", - деген актер тігіске құмартып тұратын жігіттерді түсінгенін айтты. 

"Ешкім ұтыламын деп бармайды. Ал ұтылған соң, ұтылып қалған нәрсесін қайтарғысы келеді. Ол жерде психология іске қосылады. Тағы ұтылады. Сосын басқалардан қарыз алады", - деген актер сол кеште 80 мың теңгесінен айырылғанын жеткізді. 

Әбілмансұр Серіков мансабындағы ең ерекше күн туралы баяндады. 
"Балалық шағымның аспаны" фильмінің тұсаукесері болды. Әкеммен жақындасқанымыз сол кезде болды. Шақыру бердім. Ол кісі барады деп ойлаған да жоқпын. Іштей біртүрлі болдым. Бірінші рет әкем мен үшін келейін деп түр.

Лимузиннен түсіп, қызыл кілеммен жүріп бара жатсам, қолын бұлғады. Ондай әсер бірінші рет, қызық болды. Фильм басталған кезде қасымда әкем, ар жағында Асанәлі аға отырды. Титрлар кетіп жатыр, қарасам әкем тақымын қысып отыр. Маған бірінші рет уайымын көрсеткені сол болды. 

Менің сахналарым басталған кезде, әкеме қарасам, жылап отыр. Қуаныш бар, уайымдағаны бар. Мен де жыладым. Сол кезде әкем бірінші рет қолымды алды", - дейді кіші Серіков.

Әбілмансұр жария жар салып айтпағанымен, іштей әкесін мақтан тұтатынын мәлімдеді. 

"Осындай жасқа келіп, жастар сияқты жүргеніне қуанамын. Кімнің әкесі олай жүреді? 60-қа кеп қалды", - деді ол.