Бүгін Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Раиса Мұхамедиярованы ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Халық жадында Майқанова апайдың рөлін сомдаған актриса ретінде сақталып, ғұмырын кино және театр саласынар арнаған біртуар тұлға 5 қараша күні таңертең 80 жасында дүниеден озды.
Раиса Мұхамедиярованы ақтық сапарға шығарып салуға өнер мен мәдениет саласының майталмандары, әріптестері және оны жақсы көріп, құрметтейтін халқы келді. Қоғам қайраткері Мәди Әдиұлы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін жеткізді
«Белгілі мәдениет қайраткері, театр және кино әртісі Раиса Мәжітқызы Мұхамедиярованың дүниеден өтуіне байланысты ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Раиса Мәжітқызы ұзақ жылдар бойы театрда өнер көрсетіп, кейіпкерлерді асқан шеберлікпен сахнаға шығара біліп, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, көркем фильмдерге түсіп, көптеген басты рөлдерді сомдады. Оның есімі мен жарқын бейнесі өнер сүйер қауымның жүрегінде мәңгі сақталады деп ойлаймын. Марқұмның жаны Жәннатта, иманы саламат болсын», - деп айтылды президент хатында.
Әдиұлы Қазақстан Республикасы Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның және Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың да қазақ халқы мен бірге қайғыдан қан жұтып отырғанын жеткізді.
Жас кезінде сымбаты мен сұлулығы үшін қазақтың “Лоллобриджасы” атанған актриса қазақтың маңдайына біткен жазушы Ғабит Мүсіреповке тұрмысқа шығып, бір шаңырақ астында сегіз жыл тұрған. Ерлі-зайыптылар екі қыз баланы тәрбиелеген. Раиса Мұхамедиярова көзі тірісінде жазушымен ажырасуына қаңқу сөздердің түрткі болғанын айтқан еді.
«Өзімнің тазалығымды білемін. Қанша жігіттер қасымда жүрсін, солармен ішіп жүрейін, бірақ төсекке ешкім мені жатқыза алмайды. Себебі, мына жерде Ғабең жүрді. Ғабеңнің алдында мен тазамын. Жұрт не десе де, өзі не ойласа да...» - деді актриса.
Марқұм Раиса Мұхамедиярованың өмірінде бір-ақ некесі, бір ғана жолдасы болған. Актриса алғашқы некесінен кейін қайтадан шаңырақ құрмаған.
Естеріңізге сала кетсек, 5 қараша күні актриса Раиса Мұхамедиярова көз жұмды.