Димаш Құдайберген америкалықтарға онлайн концерт өткізеді

04 желтоқсан 2020, 11:46

Димаш Құдайберген америкалық Tixr.com платформасында онлайн концерт өткізеді. Билет сатылымынан түскен қаражаттың бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.

Онлайн концерт Димаштың пандемия басталғалы өткізгелі отырған алғашқы жаһандық қойылымы болмақ. Шара аясында жаңа диджитал-форматтағы бағдарламаның тұсауы кесіледі. Шоуда заманауи телевизиялық және виртуалды технологиялар қолданылмақ. Шараны ұйымдастыруға 140 адам жұмылдырылды. Концерт барысында Димаш бірнеше тілде ән айтады деп жоспарланып отыр.

«Димаш шығармашылығының жанкүйерлері үшін қызықты нәрсе жасауға тырыстық. Бірнеше ай бойы есте қаларлық және ерекше дүние жасау үшін үздіксіз еңбек еттік. Бұл концерт барлық көрерменге қуаныш сыйлап, соңғы уақытта барлығымызға қатты әсер еткен жағдайдан арылуға көмектессе деген тілегіміз бар», &ndash деді «DimashAli» шығармашылық орталығының жетекшісі, жобаның продюсері Қанат Айтбаев.
Димаш осы концертті ұйымдастырумен айналысатын бүкіл командаға, сондай-ақ қолдау көрсеткен жанкүйерлеріне алғыс білдірді.

«Мен қайтадан сахнаға шығып, көрерменмен кездесуді асыға күтемін. Бәрі жақсы болады деп үміттенемін», - дейді Димаш.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан