Кенжебек Жанәбілов: Жаман нәрсенің бәрі көргенсізден, тәрбие көрмеген баладан шығады

19 қаңтар 2022, 16:09

Қазақстандық жұлдыздар елде болған тәртіпсіздіктен кейін ес жиып, халықпен ой бөлісуде. Мәселен, Кенжебек Жанәбілов жастар теріс әрекеттерге бармас үшін отбасындағы тәрбиенің маңызы зор екенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 
"Елдің болашағы жарқын болу үшін, ұрпағымызға өзімізді дұрыс жағынан көрсете білуіміз керек. Жаман нәрсенің бәрі көргенсізден, тәрбие көрмеген баладан шығады. Ұрпағымыздың алаңдамай жүргені өзімізге жақсы емес па?" - деп жазба қалдырды ол. 

Сондай-ақ, әнші Бағлан Әбдірайымов "Қаңтар қырғынынан" кейін енді ес жиғанын айтты. 

"Бұл қырғында ҚАРА НИЕТТІ лаңкестер Алматының аңшылық дүкендерінен 1347 қару-жарақты тонап, кездейсоқ кетіп бара жатқан адамдарды атты. Көліктерін тартып алды. Көлік бермегенің көлігін өртеп, өзімен лас іске ермегенін өлтірді. Құдай сақтасын! Бұндай заман да көрдік.

Сыйлас інімізден, достығымыз жарасқан бауырдан айрылдық. Жаңалықтан қара жамылған қаншама отбасын оқып отырмыз, қиын.

Ресми ақпарат бойынша қайтыс болған 225 жан екен. Аз емес. Оның 175-і медициналық ұйымдарда қайтыс болыпты. Қаза тапқандардың басым көпшілігі қарақшылар мен лаңкестер, сондай-ақ олардың қолынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар. Өкінішті!

Қаза болған бейбіт тұрғындар мен әскери міндетін атқарған марқұмдардың жаны жүмақта шалқысын! Отан үшін жанын бергендер! Жақындарының қайғысына ортақпын! Бұндай сұмдық енді болмаса екен. Тәуелсіз ҚАЗАҚ елінің болашағы жарқын болсын! Аман болыңыздар, оқырмандар!" - деп жазба қалдырды ол желідегі парақшасында.