Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

"Несиеге амнистия жариялап, жастардың баспаналы болуына көмектессеңіз екен": Нұрлан Албан Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады

13 қаңтар 2022, 14:41

Танымал әнші Нұрлан Албан ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады. Ол бүлікшілер тәртіпсіздік жасаған кезде ел үшін барын салған президентке алғысын айта отырып, алда жаңа реформаларды іске асыру кезінде бірнеше мәселені назарға алуды өтінді. Оның ішінде, тіл мәселесі, жастарды жұмыспен қамту, қариялардың зейнет жасын қысқарту, білімді азаматтардың шетелге кетпеуіне жағдай жасау және несиеге амнистия жариялау бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Нұрлан Албан президентке арнаған бейнеүндеуін өзінің желідегі парақшасында жариялады. Ол осыдан үш жыл бұрын президент болып сайланғанда елге адал қызмет етуге ант бергенін, оның еңбегі кешегідей сын сағаттарда сыналатынын айтып өтті. Осы орайда ел басшысына алғысын білдірді. Нұрлан Албанның президентке жолдаған үндеуін қаз қалпында назарларыңызға ұсынамыз.

Аса мәртебелі Президент - Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Айтпағым: күні кеше елімізде болған ауыр жағдайда, Қазақстан халқының амандығына бар күш-жігеріңізді салып, ел мен жердің сақталынып қалуына арпалыса кірістіңіз. Бұл ерен еңбегіңіз - болашақ ұл-қыздарымыз үшін ұмытылмас ерлік болып қалары сөзсіз.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Осындай келеңсіз жағдайлардан соң, аз ғана уақыттың ішінде болған кадрлық ауысулардан кейін, Сіздің Мемлекеттің болашағы үшін жаңа реформаларды қолға алып, іске асыратыныңызды білемін. Сол жаңа реформаларды іске асыру барысында, мына жайттарды да ескере отырсаңыз екен деген азаматтық өтінішім бар.

1. Ана тіліміз қазақ тілінің өз мемлекетімізде еркін көсілуіне жол ашып берсеңіз екен.

2. Мемлекеттің экономикасы мен саясатының, білімі мен мәдениетінің жан-жақты дамуына орасан үлес қосатын - білікті мамандар екені рас. Шет ел асып кетіп жатқан маман иелерінің, басқа елге көшпеуіне мұрындық болсаңыз.

3. Жастар - Қазақстанның тірегі, тілегі! Мемлекетімізді қорғайтын қарулы күште де, өнер мен білім-ғылымда да, әлемдік бәсекелестікте де алдыңғы шепте тұратын – жастар! Осы жастарды жұмыспен қамту және олардың баспаналы болуына немесе Мемлекет тарапынан, жастарға "иттің табанындай" болсын тегін жер телімін беруге көмектессеңіз екен.

4. Халқымыздың қазынасы - қариялар. Қазақтың әр шаңырағындағы әке мен шеше, ертеңгі ата-әжелеріміз. Зейнет жасына жеткен ата-ананың, әсіресе аналардың зейнетке шығу жасын қысқарту мәселесі.

5. Қазақстанда ғана емес, әлемде болып жатқан экономикалық дағдарыс - соңғы жылдары біздің елдің әрбір азаматына қатты әсер еткенін, өзіңіз де жақсы білесіз. Нарық қысып, азық-түлік пен тауар қымбаттап, ел-жұрттың басым бөлігі қарызға белшесінен батып кетті. Кезінде жақсы жұмыс жасап жүргенде, сол жұмыстарына сеніп, екінші деңгейлі банктерден алған несие-кредиті, бүгінгі күні әр қазақ отбасының сорына айналды. Осы алынған несие-кредиттер үшін амнистия жасасаңыз екен.

Деніңізге саулық, ісіңізге береке тіледім!

Құрметпен: қазақ ән өнерінің өкілі - Нұрлан Албан.