«Тек жақсылық тілеймін»: Саят Медеуов ауруханадан сәлем жолдады

03 наурыз 2022, 00:12

Жақсы жаңалықты әншінің әріптестері әлеуметтік желіде хабарлап жатыр.

28 ақпанда Саят Медеуов жол апатына ұшырап, жансақтау бөліміне түскен еді. Қазір жағдайы тұрақталып, ауруханадан сәлем жолдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жақсы жаңалықты әншінің әріптестері әлеуметтік желіде хабарлап жатыр. Әнші Ақбота Керімбекова өзінің Instagram-дағы парақшасында Саят Медеуов жатқан палатадан видео түсіріп, халыққа оның аман екенін жеткізді.

Алла нәсіп етіп, Саят ағамыз жатқан емханаға келдік. Қасында жеңгеміз бар. Саяттың жағдайы қазір жақсы. Біраз адам жағдайын сұрап, хабарласып жатыр. Әр қазақтың шаңырағы жақсылыққа толсын. Саят баршаңызға алғысын айтып жатыр, – деді Ақбота Керімбекова Instagram-дағы парақшасында.

Ақбота Керімбекованың қасында Саят Медеуовтың жолдасы отыр. Ол да халыққа алғысын айтты.

«Армысыздар, аман-есен болыңыздар! Тек жақсылық тілеймін. Тілектес болғандарыңызға рақмет», – деді әншінің жұбайы.

Видеода Саят Медеуов те сөйлеп, амандығын білдірді. Қалың тыңдармаған алғысын айтты. Әріптесі Ақбота Керімбекова Саят Медеуовтың түрін көрсетпей, даусын ғана естіртті.

Жағдайым жақсы, шүкір. Тілеулес болып жатқандарыңызға рақмет. Баршаңыз аман болыңыз!, - деді Саят Медеуов.

Айта кетейік, Саят Медеуов 4 наурыз күні болатын «Жан ана» концертіне қатысатын болған. Бұл туралы әншінің өзі де хабарлап, тыңдарманды Әйелдердің халықаралық күні қарсаңында болатын кешке шақырған еді. Сонымен қатар ақпан айында әншінің орындауында жаңа «Қара күз» деп аталатын әні жарыққа шықты.

Еске сала кетейік, Саят Медеуов 2017 жылы Алматы облысы Қарасай ауданының №14 округіне Мәслихат депутаты болып сайланған еді.