"Түсімде "дәрет ал, құлшылық жаса” деген аян келді": Айдай Исаева отбасы, әкесінің дерті мен "Қазақстан Аруы" жобасы жайлы сұхбат берді

28 шілде 2022, 15:23

Айдай Исаева бір кездері телеарналардан да, әлеуметтік желіден де көрінбей кетті. Көпшілік оны “босанған соң қалыпқа келу процесінде жүр” деп жорыды. Алайда “Қазақстан Аруы – 2013” бұл уақытқа әкесіне қойылған ауыр диагноздың емін іздеумен болғанын айталы. Тіпті әкесінің қызы асқар тауының амандығын Алладан тілеп, бес уақыт намаз оқып бастаған. Бұл туралы Айдай Исаева алғаш рет Stan.kz тілшісіне эксклюзив сұхбат беріп, сыр ашты.

– Айдай ханым, көргенімізге қуаныштымыз. Сұрақты бірден “қазір немен айналысып жүрсіз?” дегеннен бастайыншы…  

– Рахмет. Қазір екі жобада қызмет жасаудамын. Біріншісі, “Қазақстан Аруы” Ұлттық байқауының президентімін. Ал екіншісі отандық телеарналардың бірінде “Сәнді Алмас” бағдарламасының бірінші маусымын жүргізген едім. Қазір екінші маусымға дайындыққа кірісудеміз.

– “Қазақстан Аруы” Ұлттық байқауына басшылық ету қаншалықты көңіліңізден шығып жатыр? Жауапкершілігі үлкен жобада қызмет жасау қиын емес пе?

– Бұл байқауды мен бұрыннан білемін. Ішкі “кухнясын” тіпті жақсы білемін десем де болады. Мен үшін ешқандай да қиындық тумайды. Адам шақыру керек, көп іздену керек. Білмейтін нәрселерімді үйреніп-біліп жатырмын. Өзіме ұнайтын, сүйіп жасайтын салам болғандықтан ләззатпен жұмыс жасаудамын.

– Қазақта “біткен іске сыншы көп” деген әдемі сөз бар. Ертең байқау өз мәресіне жетіп, “Қазақстан Аруын” анықтаған кезде “байқау әділетсіз өтті”, “тәжді сатып жіберген” деген сияқты еспе сөздердің астында қалып, беделіме нұқсан келеді деп қорықпайсыз ба? Себебі жыл сайын кез келген сұлулық байқауының соңында “әділ өтпеді” деген наразылық кездеседі.

– Жоқ, мен қорықпаймын. Себебі бәрі әділ екенін мен өзім білемін. Бір Алла куә. Кім не десе о десін. Бәріне бірдей жаға бермейміз. Бастысы, бәрінің таза әрі әділ екенін білемін. Халықта өзі әділдігіне байқау барысында көз жеткізеді деп сенемін.

– Қоғамда “модель қыздардың отбасын құруы қиын, бұл саланың жолы тым ауыр” деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан да 70-80% ата-аналар қыздарын бұл салаға жіберуге аса құштар емес. Сіздің ой-пікіріңіз қандай?

– Аллаға шүкір, балапандарым бар. Жолдасым бар. Кез келген салада адамның өзіне байланысты. Халық алдында жүресің, халық сені біліп-таниды. Мұнда тұрған не жамандық бар? Сенің тәрбиең, иманың, тектілігіңе байланысты. Тек Мисстер мен модельдер бұзылады деген сөз жоқ қой. Сыртта жүріп те бұзылған қыздар қаншама?! Сондықтан бұл мәселе тек адамның өзіне байланысты деп ойлаймын.

– Қазір сүйікті жар, аяулы ана екеніңізді білеміз. Үш балаңыздың бабы мен жұмысты бір бағытта үйлесімде ұстау қиын емес?

– Әрине, көмекшілерім бар. Бірақ оларға бәрін сеніп тастап қоя алмаймын. Ананың аты-ана, әкенің аты – әке. Олардың орнын ешкім баса алмайды. Әрине, бала ауырып қалса немесе тағы сондай форс-мажор кездерде қиындықтар болады. Оңай емес, бірақ баланста ұстауға тырысып жүрмін.

– Айдай Исаеваны қандай мәселе жылатады? Соңғы рет жылаған кезіңіз есіңізде ме?

– Көңілшек емеспін. Көп кезде өзімді ұстай білемін. Бірақ мені жылататын нәрсе: балаларым ауырып қалса немесе жақындарым қиындыққа ұшырап қалса шыдай алмаймын. Мәселен, мен мұны айтқым келмеген. Алайда айтпасқа қоймадыңыз. Мен әкемнің қызымын. Анамды да жақсы көремін. Дегенмен әкеме ерекше еркелеп өскен жанмын. Осыдан біраз уақыт бұрын өмірімде үлкен сынақ болды. Әкеме рак деген диагноз қойылды. Алты ай бойы ем іздеп күрестік. Қандай ағзаның қатерлі ісігі екенін айтпай-ақ қояйын. Өзім мамандық бойынша дәрігермін. Қарапайым ісік болса тек сол жерді, ал рак кезінде сол ісіктің айналасындағы органдармен бірге алып тастайды. Қатты ауыр болды. Әкем ол отаға барғысы келмеді. Алматыға әкеліп, “мен” деген мықты-мықты онкологтарға да көрсеттік. “Жырты жыл өмірі қалды” деп шығарып тастайтын. Менің ештеңеге тәбетім болмады. Күнде бір мезгіл намаз оқып, Алладан жәрдем сұрадым. Сол кезде ерекше түс көрдім. Маған “дәрет ал, құлшылық жаса” дегендей аян берді. Кейін өзім Алланың белгісі шығар деп бес уақыт намазымды қолға алдым. Содан бері үзген емеспін. Күні-түні әкемнің амандығын жалбарынып тіледім. Құдайдың құдыреті, алты айдан соң әкемде қатерлі ісік жоқ болып шықты. Түркияға барып жай ғана ота жасатып қайтты. Құдайдың құдыреті мен мейіріміне көзім тағы жетті.

– Ер адамдар физикалық тұрғыдан мықты болса да, психологиялық тұрғыда әлсіз боп келеді. Мұндай ауыр диагноздан соң ер адамдар тез сынып кетеді. Сіздің әкеңіз “қатерлі ісік” деген диагнозбен жарты жыл көлемінде қалай күресті?

– Иә, оныңыз рас. Менің де әкем “менің алға қойған мақсатым жоқ, мен саған сенемін” деп қоштаса бастағандай болды. Мен “жоқ, олай болмайды. Сіздің тағдырыңызды тек Алла біледі. Мен соңына дейін күресемін. Алла көмектеседі” деп жігерлендіруге тырыстым. 

– Оқырманды қызықтырған сұрақ: Қаржылық молшылықта өмір сүретін жұбайлардың арасында өкпе-реніш, ұрыс-керіс бола ма?

– Негізі жанұялық жағдайда қаражат өте маңызды. Әрине, бізде де кез келген жанұядағы сияқты ұрыс-керіс болады. Бірақ қатты кетуге болмайды. Кішкене сабырмен шешкен дұрыс. Ешкімге ештеңе деп ақыл айта алмаймын. Әр жанұяның өзінің ережелері бар. Әр адамның өзінің мінезі бар. Сіз әйел ретінде өз жолдасыңыздың мінезін білесіз. Қай жерде тоқтамайтынын білесіз, қай жерде тоқтайтынын білесіз. Сондықтан әр адам әртүрлі. Бізде ұрысамыз. Бірақ оны жария қылудың қажеті жоқ.

– Әлі тұрмыс құрмаған қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Болашақта тұрмысқа шығуға ниетті қыздарға айтарым біріншіден ер азаматтың өзіне деген сенімділігі маңызды. Екіншіден сізге деген сыйластығы мен сізге деген махаббаты өте жоғары болуы керек. Әрине, сізде жақсы көру керексіз. Бір-біріңіздің көзқарастарыңыз бірдей болып, бір-біріңізді сыйлап жүрсеңіздер нағыз мықты жанұя бола аласыздар.

Сұхбатымыздың видео нұсқасын YouTube арнамыздан көре аласыздар: