Жедел жәрдемді қайтсек жеделдетеміз?

09 сәуір 2010, 12:29

Елімізде жедел жәрдемнің көмегіне әрбір төртінші адам жүгінеді екен. Бір өкініштісі, бізде төтенше жағдайға тап болып, ауыр жарақат алғандардың 80 пайызы оқиға орнында көз жұмады. Мұның басты себебі – оқиға орнына дер уақытында дәрігерлік жедел жәрдемнің жетпеуі.  Ал осы мәселе салдарын саралай  келе, қаламыздағы көлік кептелісі, биік көпқабатты тұрғын үй ауласының көлікке сығылысып тұруы, алыс ауылдарға жолдың болмауы, болса да, жол сапасыздығымен қоса, әкімшілік кедергілер де жедел жәрдем қызметіне тұсау болып отырғанын білдік. Осының соңғысы Алматы мен Астана қалалары маңында жаңадан бой түзеп келе жатқан ауылдарға тікелей қатысты. Яғни еліміздің ірі мегаполистері жанындағы ауылдарға жедел жәрдем көлігі мүлде бармайды. Соның салдарынан жай ауру түгілі, толғағы қысқан әйелдер де ауруханаға жете алмай қалуда.

Мәселені Астанадан бастасақ, елорда маңындағы Қосшы кентінің «Лесная поляна» тұрғын үй кешеніне ешқандай жедел жәрдем көлігі бармайды екен. Өйткені жедел жәрдем қызметі телефон нөмірін тергенде, қоңырау Астанадағы қызмет көрсету орталығына барып түседі. Олар «сіздер біз қызмет көрсететін аймаққа жатпайсыздар, облысқа хабарласыңыздар» деп қоя салады екен. Ал Қосшы кенті «бұл қызмет бізде ақылы, ал тегін қызмет көрсете алмаймыз» дейтін көрінеді. Айналып келгенде, екі арада сандалып қалған леснаяполяналықтар жедел жәрдемнің қызметінсіз қалған. Ақыры бұған шыдамаған олар денсаулық сақтау министріне де осы мәселеге байланысты интернет арқылы хат жазған. Министр сұрақты жауапсыз қалдырмапты, бірақ аталған тұрғын үй кешені тұрғындары мәселесі әлі де шешілген жоқ, «баяғы кепеш – таз кепеш» дегенді айтады. Дегенмен аталған тұрғын үйге кім қызмет көрсету керектігі сауал жауабында нақты көрсетілген. Онда «Қосшы кентінде және «Лесная поляна» тұрғын жайында тұратындар үшін Целиноград ауданының орталық аудандық емханасы, атап айтқанда, «Қосшы» дәрігерлік амбулаториясы аумақтың 3 мың адамына қызмет көрсетеді. Целиноград ауданының орталық аудандық емханасының шұғыл медициналық көмек станциясының дәрігерлік-фельдшерлік бригадасына 2-76-67 телефоны бойынша шығуға болады. Осы кенттің тұрғындары «103» телефон нөмірі арқылы жедел жәрдемді шақырған жағдайда, ол Астана қаласы жедел медициналық жәрдем станциясына келіп түседі. Олар бұл шақыруды орталық аудандық клиникалық емханаға немесе Целиноград аудандық орталық ауруханасына береді. Алғашқы көмекке, міне, солар барады» делінген. Осы жауапты жазған Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы мәселенің қалай қаралу керектігін нақты айтқанымен, оны тәжірибеде орындамайтындарына тоқталмапты. Яғни олар өздері айтып отырғандай, өзге жаққа жөн сілтей салғаны болмаса, қоңырау шалған облысқа қарасты аумақтардың өтінішін қабылдап, оны керекті жеріне жеткізбейді. Мүмкін, оларды бұл арада түсінуге болатын шығар, кадр тапшы әрі хабарласып жатқандар өздеріне қарасты емес деген секілді. Ал Қосшы кентінің емханасындағылардың әрекетін қалай түсінуге болады? Күнделікті қабылдауға келіп тұрғаннан ақы сұраса, түкте емес қой, аяқастынан қысылып, жаны жаһаннамға кетіп бара жатқан, шұғыл дәрігерлік көмекті қажет ететіндердің «ақша бер» деп жағасынан алғаны адамгершілікке де жатпайды. Бәрінен жан ауыртатыны – ақ халаттылардың бұл әрекетке ашықтан-ашық баратындығы.
Тура осындай жағдайды Алматы қаласына тиіп тұрған Байсерке және тағы басқа ауылдар маңына қоныс тепкен, ауыл шаруашылығымен айналысады деп құрылған кооперативтер тұрғындары басынан кешуде. Мысалы, Байсерке мен Талғар қаласы қиылысқан жерде орналасқан шағын ауыл тұрғындары: «Бізге мүлде жедел жәрдем көлігі келмейді, Іле ауданындағыға хабарлассақ, Талғарға барыңыздар дейді, ал Талғардағылар бұл жаққа жібереді», – деп базынасын жайып салды. Жалпы, сөз бұйдаға салып, айналып келгенде, ешкім шұғыл дәрігерлік көмек көрсетпейтін аумақтардың қатарында жаңа ауылдар көптеп кездеседі. Осы жоғарыда аталған мәселеге байланысты мамандардан жауап алуға тырыстық.

Біз хабарласқан Алматы қалалық бір клиниканың бас дәрігері өзінің атын атамауды сұрап, осыған қатысты ойын былайша жеткізді:
– Арнайы белгіленген талапқа сәйкес 10 мың тұрғынға жәдел жәрдем қызметінің бір бригадасы қызмет көрсетуi тиiс. Қазір еліміздің ірі мегаполистерінде бой көтеріп жатқан жаңа ауылдарда мұндай шамада тұрғын жоқ. Сондықтан оларға арнайы бригада бөлінбейді. Жылда бюджеттен қаржы бөлініп, жедел жәрдем көліктері беріліп жатыр, қазір аталған қызмет сапасы екі-үш жыл бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жақсарған. Әсіресе қала ішіндегісі. Өкінішке қарай, алыс ауылдарда қызмет дұрыс көрсетілмейді. Бұл, бір жағынан, ол ауылдың жаңадан құрылуына қарай қай ауданға жататындығына қатысты нақты әкімшілік шешімнің шықпауымен байланысты болса, тағы бір жағынан, бізде сапалы кадрдың аздығын байқатады. Мысалы, шетелде медицина саласының қызметкері тапшы, өйткені оларды даярлау конкурсының талабы жоғары, сондықтан аталған сала түлегі саусақпен санарлық. Ал бізде білім беру ақылы жүйеге көшкеннен кейін, кім ақша төлесе, сол медицина қызметкерлері болып шыға келуде. Тіпті олардың арасында сотталғандардың барына да шүбәм жоқ. Ал ертең олар өз мүмкіндігін пайдаланып, ақша жасаудың түрлі амалына жүгінбейді деп тағы айта алмаймыз. Сапасыз кадрды қала клиникалары қабылдай бермейді, ал маман тапшы аймақтар оларды «қағып» алады. Ауыл-аймақтағы медицина саласына қатысты тіркеліп жатқан келеңсіздіктерді, тіпті қылмысты да осымен ғана түсіндіруге болатын секілді. Қорыта келгенде, бізге міндетті түрде медицина саласы қызметкерлерін оқыту мен даярлау жүйесін, моделін жаңалау керек. Оған қазір қолға алынып жатқан, бес жылға межеленген реформада айрықша басымдық беріліп отыр.