Ақын тойынан алар ғибрат мол

29 шілде 2011, 08:29

Батық МӘЖИТҰЛЫ, ақын, «Мұқағали» журналының бас редакторы:

– Мұқағалидың 80 жылдық ме­рейтойы қандай ерекше­лік­терге негізделеді деп ойлай­сыз?
– «Құдай тойдан айырмасын» дей­ді қазақ. Кең пейілді ата-баба­ла­рымыздың өмірден жақсылық­тарды күткені, ырым­дағаны – дұрыс ниет. Ал ақынға арнап той жа­сау де­ген одан да дұрыс. Мұ­қа­ға­ли се­кілді жыр жампозының асыл мұрасы – ұлтты азаттық рухына тәрбиелеуге қыз­мет ететін рухани құрал. Солай емес пе?! Қалың жұрт болатын тойдың маз­мұ­ны­нан осын­дай ерекшеліктерді көре алады ғой деп ойлаймын.
Ақын өлеңдерінде «Халқымның өз айтқанын қайталадым» деген тіркестер бар. Мұны ұйқас қуғанның екпіні деп түсін­беу керек. Ақын оны айтқанда, дала дара­боздарының ұлылығын сабақтас­тырып, оны бүгінге сырымен, сипаты­мен, үнімен, бояуымен жеткізе алдым дегенді меңзеп отыр. Солардың жағып кеткен шы­рақтарын сөндірмей, ұрпақтар қолына ұстату мін­детін мінсіз атқарды. Сондықтан ақынның 80 жылдық мерей­тойынан ала­тын ғиб­ратымыз, дарытатын өнегеміз аз болмаса керек.
– Той қарсаңында ақын елінде қандай игі шаралар еңсерілді?
– Мерейтойдың басты шаралары бүгін және ертең Қарасаз бен Шалкөде жай­лауында дүркіреп өтпек. Кезінде облыстың бұрынғы әкімі Серік Үмбетов мырза бұл жұмыстардың бәрін өзі бастап, өзі қостап, сәті­мен жалғастырып тиянақтады. Нәти­жесінде ақын мұражайы қайта салынды. Бұрынғы нұсқаға қосымша бірқатар құры­лыс қосылды. Ішкі безендірілуі де осы заман­ның талаптарына сай жаңа мазмұн­мен жасақталды. Қарасаздағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Ауыл абаттанды. Қысқасы, көрсе көз тойғысыз елді мекенге айналды десек болғандай. Ішкі жолдар да, сыртқы жолдар да даңғыраған қалыпқа келді. Ақынның анасы Нағима әжейдің басына граниттен өрілген кесене көтерілді. Жыр перзентінің кіндік қаны тамған ескі Қарасаз да назар­дан тыс қалған жоқ. Облыстың бүгінгі әкімі Аңсар Мұсаханов бұрынғы жұмыстарды одан әрі жандан­дырды. Той өткізуді ұйымдастыратын жұ­мыс­шы топ үнемі Қарасазда болып, бәрін жіті сараптамадан өткізіп келді. Шалкөде жайлауына апара­тын жол да көпшілік көңілінен шығып тұр.
Қарасазда Мұқағали шығармашылы­ғына арналған ғылыми-теориялық кон­ференция және жазба ақындардың мү­шәй­­расы өтеді. Оған Қазақстан Жазушылар одағы жетекшілік жасайды. 30 шілдеде – негізгі той. Сол күні кең жазира Шалкөде жайлауы қара өлең мен қазақ поэзиясының да жайлауына айналатын шығар.
– Өзіңіз жетекшілік жасайтын «Мұ­қа­ғали» журналы және оның осы тойға ықпалының қандай болғанын айта кетсеңіз.
– Ақынның 80 жылдық тойындағы ең басты жаңалық «Мұқағали» журналы­ның жарық көріп, оның қалыптасуы еді. Алты жыл ішінде ақын атындағы басылым ақ­па­рат кеңістігінен өз орнын тапты. Оқыр­ман­дар саны молайды. Біз осыған қуана­мыз.
Журнал ақын шығармашылығы мен ақын өміріне қатысты жайлардың барлы­ғын назардан тыс қалдырмауға ден қояды. Осының арқасында мұқағалитану үрдіс­те­рінің алғашқы нобайлары көріне бас­тады.
Ал ақын туралы сөздің үлкені әлі алда. Журнал соған апаратын бірінші соқпақты жасауға үлес қосты. Әсілі, қазына деген нәрсе тек тереңде жатады. Осылай десек, Мұқағали тереңіне бойлайтын білімді ұр­пақ­тың қолына қалам алып, уақыт мін­берінен ашылып сөйлейтін кездері де иек астында тұрған секілді көрінеді. Жур­нал ер­теңгі нағыз зерттеушілер пайда­лануға тиісті шикізаттарды дайындап беріп жа­тыр.
Мерейтойды не үшін және оны қалай өткіземіз деген сұрақтар туған кезде «Мұ­қағали» журналы оған тиісті жауаптар қайтаратын міндетті атқара алды. Идеялар көтерді, ойлар туғызды. Журналдың ме­рей­тойға ықпал, әсері дегенде біз осындай жайларды мысал етеміз. Журналдың жа­рық көруінен мұқағалишыл оқырман ұт­па­са, ұтылған жоқ.
«Тойдың болғанынан боладысы қы­зық». Дүбірлеп, дүркіреп өтеді де шығады. Ал «Мұқағали» журналы үшін әрбір ай ақынның туған күні сияқты. Сөзін, әңгімесін әрі қарай жалғастырып, ырғағын ширата бермек.
– Мерейтойға арналған нөмір шы­ғып жатқанынан құлағдармыз. Оған қосатын тағы қандай жаңа­лықтарыңыз бар?
– Журналдың ұйымдастыруымен биыл «Мұқағалитану бастауы» деген серияның жобасы жасалып, ол бойынша нақты жұ­мыстар жүзеге асып жатыр. «Білгің келсе, ал­дымен зертте мені», «Есіңе мені алғай­сың», «Мен, сірә, өлмейтін шығар­мын» де­­ген үш томдық жарық көрді. Оны оқыр­мандар ілтипатпен қабылдады.
Мерейтойға осы серия негізінде құрас­тырылған төртінші томды апарамыз. Ақын сөзіне жазылған композиторлардың ән­дері бірінші рет жеке жинақ болып шықты. Әннің нотасы мен мәтіні, басқа да ою-өр­нектері түрлі-түсті бояулармен бе­ріліп, бе­зен­дірілген. Оқуға да, сөреге қоюға да өте тар­тымды. Біздің той-шашуымыз осын­дай.
– Әңгімеңізге рақмет.