Біз Алашқа не бердік?

30 мамыр 2013, 13:17

Елбасының өзі айтып өт­кен­дей, ақпараттық қоғам да­мудың шырқау шегіне же­тіп, ел естімеген ғажайып тех­но­ло­гиялар ойлап табылса да, Гу­тенберг дәуірінің дәм-тұзы тау­сылмайды,  сан ғасыр адам­зат өркениетінің өзегі болған га­зет те өміршең бола бермек. Ұлт баспасөзі ақпараттық, ағар­тушылық, гуманистік һәм тәрбиелеу секілді те­мір­қа­зық­тай миссиясынан айныған емес.
Осыдан 4 жылдан астам уақыт бұрын ақ­парат айдынында жарқырап шығып, қа­сиетті атауды бойтұмар еткен «Алаш ай­насы» газетінің алдыға қойған мақсаты да қа­зақтың жоғын жоқтап, барын ардақтап, төрт құбыласын түгендеу, қоғамның күн­ге­йі мен көлеңкелі қатпарларын айнадай көр­сету, тұтас ұлттың басындағы қор­да­лаған мәселелерді шешуге талпыну мен мың­даған жандарға арашасы   болу-тұ­ғын. 1000-шы нөмірдің белесінде осы ме­жеден айнымағанымызға қалың оқыр­ман куәлік бере жатар. Өткен ғасырдағы Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов өзі­нің «Ел газетке не жазбақ» деген ма­қа­ла­сында: «...Ел: «жазбасам, маған серт, бас­па­саң саған серт!» деген жолға түссе, сон­да газет елдікі болады. Сонда жұрт га­зетті қызығып оқитын болады, газеттен пай­даланады» – деп жазғанындай, ұлт мүд­десі үшін барынша талпындық, тар­тыс­тық және Алаш жұртының мұраты жо­лында табан аудармай қызмет ете бер­мек­­піз. 1000-шы белеске тектен-текке мән беріп отырғанымыз жоқ. Салыстыр­ма­лы түрде айтсақ, апталық газеттер 1000-шы нөмірге 19 жылда қол жеткізетін бол­са, жылына орта есеппен 260 нөмір шы­ғаратын күнделікті газеттер бұл белесті 4 жылда еңсеретінін ескерсек, газеттің «оты­мен кіріп, күлімен» шығатын ба­сы­лым журналистерінің аз еңбек сі­ңір­мегеніне көз жеткізер едік. Күнделікті га­зетте ақпарат беруге басымдық бере оты­рып, билік пен Алаш жұртының ара­сында дәнекер болып келеміз, қоғамдағы түйт­кілді мәселелерге, мерекелік ша­раларға тұтастай арнайы беттер арналды. Га­зетіміз тұрақты түрде шығарған «Алаш авто», «Алаш-аймақ», «Алаштың идеялар бан­кі», «Алаштың бизнес әліппесі», «Алаш­­тың киноиндустриясы», «Алаштың ем­­ханасы», «Алаштың жас тұлпары», «Алаш­­тың шоу-бизнесі», «Алаштың жам­позы», «Жеті жарғы» секілді қосымшалар оқыр­ман тарапынан жоғары бағаланды. Сах­надағы аламан айтыс газетіміздің бетінде де айтыстың көрігін қыздырды. «Бүкпесіз әңгімеде» саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің  сүйікті хоббила­ры, жүрек сырлары шертілді.
 «Алаш айнасы» газетінің басты ерек­ше­лігінің бірі – ұлттық идеяға және арна­йы коллажбен безендірілген бас мақа­ла­ларының 90 пайызы аймақтағы күйіп тұр­ған мәселелерге басымдық беруі бол­ды. Кеңестік таптаурын түсініктерге ұлттық көзқарас тұрғысынан қарауға ты­рыстық. Америкалық басылым шы­ға­ру­шы Филип Грэм «Газет – тарихтың алғашқы па­рағы» деп атағандай,   Тәуелсіз Қа­зақ­стан та­ри­хындағы елеулі оқиғалардың алғашқы па­рақтары күнделікті «Алаш ай­насы» газетінде жедел қатталып, оқыр­ман­ға жол тартып жатты. Газетте кө­терілген мәсе­ле­лер қоғамға қозғау салды, соны рефор­ма­ларға серпін берді, тың идея­лар қол­дау­шысын тапты. Осы кезге де­йін қо­ғам­дағы пікірлер қайшылығы 1000 «ой-көкпарға» тартылды, ең өзекті 1000 мә­селеге «Алаш жұртын алаң­дат­тық». Талай «ой-көкпарларымыз» бен «алаң­датқан  сауалдарымыз» депутаттық са­уал­дарға ұласып, Парламент мін­берлерінде көптеген заң жобасына арқау болды. Ба­сылым бетіндегі дуалы ауыз қоғам қай­рат­керлерінің айтқан «Даттары» биліктің жо­ғары тармақтары деңгейінде саяси ше­шім­дерге ықпал еткенін айта кет­кеніміз артық болмас. «Дат!» сұхбат ай­дары ел қайраткерлерінің ғана емес, ай­тары бар кә­сіби білгір мамандардың мін­беріне ай­налды. Газет бетінде сарап­шы­лардың тың ұсыныстары мен идеялары аяқ­сыз қалған жоқ. Қарап отырсақ, «Алаш ай­насында» кө­терілген бастамалардың негізінде қо­ғам­ға қажет болған жаңадан ми­нистр­ліктер, агенттіктер, құзырлы органдар құ­рылыпты. Мұның өзі қазақ баспасөзінің беделінің артқанын білдірсе керек. Ия, бұл – біз үшін, мыңдаған оқыр­манымыз үшін мәртебе. Қоғамдық-саяси, ақ­параттық газет ретінде қазақ қо­ға­мындағы және әлемдегі сан алуан мә­се­лелер мыңдаған мақаланың өзегін құ­рады, басылымның әлеуметтік-тұрмыстық тақырыптық диапазоны өте ауқымды бо­лып келеді. Мақала жазуда инновациялық әдіс­терге көбірек жүгінудің нәтижесінде бұрын қазақ баспасөзіне тосын жаңалық болған инфографикалар, диаграммалар, күрделі кестелер, наурыздың күнтізбелері  басылымның сәнін кіргізді. Қоғамның қал­тарысында қалған түйткілдер, мүлде жа­зылмаған тақырыптар, жаңа көз­қа­рас­тар біздің басылымның өн бойынан кө­рініс тауып отырғаны анық.

«Алаш баласы, айнаңа қара!» деген ұранды арқау еткен басылымның діттеген мақсат-тілегі – Алаш жұртымен үндес, мұңдас. Еңселі ұлт боламыз десек, өзіміздің артық-кем тұсымызды айнамызға қарап,  таразыға салу арқылы төте жол, дұрыс шешім қабылдай аларымыз анық. Ендеше «Алаш айнасы, Алашпен бірге жасай бергей!».