Елімізге сіздей ерлер керек

28 қыркүйек 2013, 11:58

Ешбір туыстығы болмаса да, жаныңа соншалықты жақын, қымбат, аяулы бір адамдар болады. Сөйлессең, сөзің жарасады, әңгімесі көңіліңе қонады. Белгілі ғалым, ардагер геолог, картограф Молдияр Серікбаев – елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, қалың Қазақ елімен бірге күліп, бірге күрсінген, әрбір ұлтжанды журналист үшін сондай жан.
Бүгінде 80-нің сеңгіріне шықса да, қарттыққа бой алдырмай, күллі Қазақ елі үшін аса маңызды мәселелерге үн қосумен келе жатқан Молдияр ағаны, шын мәнінде, нағыз қайраткер десек артық айт­қандық емес. Ардагер геологтің былайғы жұрттан бір ерекшелігі – керемет қарапайымдылығы. Ал өмір жолына, елге сіңірген еңбегіне қарасаңыз, сол қара­пайым­дылықтың артында екінің біріне бұйырмаған тереңдік, ұлылық жатқанын аңғарасыз. Ғалымның сонау 1956 жылы, Қазақ мемлекеттік университетінің геоло­гия-география факультетін бітіргеннен бергі бүкіл саналы ғұмыры жанқиярлық еңбекке толы.
Ол 1956-1993 жылдары Қазақтың геология-барлау экспедициясының құра­мын­да Қостанай облысы Жітіқара қала­сында асбест, тальк және қазба байлық­тарды барлау жұмыстарында, Қ.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары инсти­тутын­да, Оңтүстік Қазақстан геология бас басқармасының жерді картаға түсіру және қазба байлықтарды іздеу экспеди­ция­сында, Қазақтың геологиялық қорын­да геолог, бас маман болып қызмет атқар­ған. Еліміздің және Өзбекстан, Түрік­менс­тан, Қырғызстан, Таулы Алтай, Сібір геология­лық карталарын, тектоникалық картасын, қазба байлықтарының картасын, Қазақ­стан Республикасының тұңғыш әкімшілік-аумақтық картасын, еліміздің 14 облысы­ның әкімшілік-аумақтық картасын, Қа­­зақстанның, Орталық Азияның, Қытай­дың, Ресейдің, Астрахан, Саратов, Вол­гог­рад, Самара, Челябі, Қорған, Омбы облыс­та­рының, Башқұртстанның аума­ғын қамты­ған топографиялық картаны құрастыру ісіне қатысқан.
Мұның сыртында Молдияр Серікбаев еліміздің аса көрнекті тұлғалары Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Санжар Асфендияров, Смағұл Сәдуақа­сов, Төлеген Тәжібаев, Ақжан Машановты есте қалдыруға іс-шараларға ұйытқы бол­ған.
Өлшеусіз еңбегіне ешқандай өтемақы сұрамаған Молдияр аға – туған елінің, жерінің нағыз адал перзенті. Еліміз Тәуел­сіздік алған кезден өріс алған жер-су атта­рының тарихи атауларын қалпына келтіру ісіне де Молдияр Серікбаевтың сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр. Мысалы, ғалымның тікелей араласуымен Қостанай облысын­дағы Комсомол ауданы Қарабалық болып өзгертілді, Ақтөбедегі Қандыағаш­тың, Шалқардағы Әлім тауының тарихи атауы қайта салтанат құрды, Жамбыл облы­сындағы Байзақ ауданы дүниеге келді, Тараз өңіріндегі Сарыкемер, Жуалы,  Т.Рысқұлов аудандарының аттары да ауыстырылды. Айта берсек, мұндай жайт­тар өте көп.
Егер де мұны кемшілік деуге болатын болса, қазына қарттың бір ғана олқы тұсы – атақ-даңқ іздеп, дәреже қумағандығы. Бар ғұмырын, бүкіл қажыр-қайратын тікелей қызметке, еңбекке сарп етпей, ғылы­ми жұмыс қорғағанда, жайлы да жылы кеңсені көксеп, мансап қуғанда, бәл­­кім, ол да докторлық қорғар еді, профес­сор, академик атанар еді. Бірақ ол кісінің оған уақыты да, ниеті де болған жоқ. Атақ алмады, бірақ есесіне өз ісінің білгірі ретінде ел-жұртының, әріптестері мен көзіқарақты қауымның сенімін иелен­ді, алғыс сезіміне бөленді. Біз білетін жан дүниесі таза, ақыл-парасаты биік Молдияр аға үшін бұдан өткен бақыт жоқ.
Алла сізге әлі де ұзақ ғұмыр берсін, әрдайым аман болыңыз, аға! Елімізге сіздей ерлер керек.