Композиторлар неге Мұқағали өлеңдеріне құмар?

Композиторлар неге Мұқағали өлеңдеріне құмар?

Хантәңірінің мұз қатқан шыңдарынан жырларына табиғаттың ызғарын емес, жылылығын алып, бар қазақтың жүрегін селт еткізген Мұқағали өлеңдері композиторлар қауымын да бейжай қалдырмады. Тіпті ән жазуды мансұқ етпегендердің де шабытын шақырып, өлеңнің салмағына қарай салмақты әндер тудыртты.  Айға ұшу, ҚазҰУ-ға түсу, шетелге бару, сүйген жарды құшу сынды әркімнің бір арманы сияқты, Мұқағали өлеңіне ән шығару – композитор үшін арман. Себебі мұзбалақ ақынның сөздері кез келген әннің бағын ашады десек, қателеспейміз.
Бірде-бір айтулы кеш, концерт, жиын-той, тіпті шағын отырыс та Мұқағали өле­ңіне жазылған әнсіз өтпейтіні белгілі. Нұр­ғали Нүсіпжановтың орындауында ша­рық­­таған «Саржайлау» (әні: Нұрғиса Ті­лен­­диев), Роза Рымбаеваның шырқата са­ла­тын «Нау­рыз-думаны» (әні: Талғат Са­рыбаев), Мәдина Ералиева сы­зылтқан «Кү­рең күз» (әні: Гүлнәр Дәу­ке­но­ва), «Есіңе мені ал­ғай­сың» (әні: Лена Әб­ді­ха­лықова), «Қазағым-ай», «Сәби бол­ғым келеді» (әні: Тұрсынғазы Рахымов), «Құм­ған алған» (әні: Мұратхан Егінбаев) әндері қазақ сахарасында еркін самғаған кез келген қазақ баласының өмірі мен бет-бейнесін айшықтап тұрғандай. Мұ­қаға­лиды тұңғыш әнге айналдырған  Нұр­ғиса Тілен­диев атамыз болса, Тұр­сын­ғазы Рахы­мов­тың композитор ретінде тұ­сауын кескен де – Мұқағалидың отты жыр­лары. «Аякөз-ару», «Отыздан асып бара­мын», «Қазағым-ай», «Бибігүлге» сынды елдің аузында жүр­ген 30-ға жуық ән Тұр­сынғазы ағаның ком­по­зи­торлық өнеріндегі өзгеше бітімін айқындап бергендей. Мұ­қа­ғалидың 80 жылдық, өзінің 60 жылдық мерей­тойына орай үстіміздегі жылдың ақпа­нының 18-інде Астанада Пре­зи­денттің мә­дениет ор­та­лығында басталған кешімен компо­зи­тор Алматы мен Шығыс Қазақстан өңірі мек­тептерін аралап шықты. 
Тұрсынғазы РАХЫМОВ, композитор:
– 1979 жылы 13 сәуірде Сұңқар есімді тұңғышым дүниеге келгенде,  қуан­ғаннан Мұқағалидың сөзіне қол­ма-қол ән жаз­дым. Содан бастап ре­ні­шім де, қуанышым да – барлық ішкі тол­ға­нысым Мұқағалидан табыла берді. Жеті-сегіз оқып жүрген шағымда Ая­көздің Тарбағатай өңірінің Малтыкөл ауылына  ағам Ерғазы Мұқағали ақын­ды ертіп келді. Менің домбырамен сал­ған әнімді тыңдаған ақын ағама: «Ер­ғазы, інің құлын дауысты әнші екен. Сах­­наның әншісі болатын секілді», – деп ри­зашылығын білдірді. Сол сөз мені ән­шілікке, ақын өлеңдеріне ән жазуға жете­леді. Мектепте Мұ­қа­ға­ли­дың өлең­дерін жат­қа оқып, жарысып жүретінбіз. Тілге жеңіл, адамның кө­кейіне тез құйы­латын, өзі айтқандай, «шек­пен жауып, өзіне қай­тарған» қазақ­тың қара өлеңі әр қазақтың жан дүниесімен үндес, сырлас. Мен әуелі әуен жазбаймын, ең бірінші сөзге қарап жазамын. «Сәби болғым келедіден» кейін Мұқағали өлеңдеріне ғашық бол­дым да, ән жаза бердім.
Мұқағали сөздерінен тебіренбеген жан кемде-кем шығар. Тіпті өмірінде ән шы­ғармаған Тұрарбек Төлендиевтің маман­дығы дәрігер болса да, ақынның «Арулар – асыл жандар», «Қарлығашым, қайда­сың?» өлең­дерін оқыған соң, сезімге толы кеудесі серпілмей қалмапты.
Тұрарбек ТӨЛЕНДИЕВ, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, композитор:
– Мұқағали өлеңдерінің барлығы адамның жан дүниесімен дөп түседі. Әр өлеңінен ән төгіліп тұрады. «Аңса, жаным» деген өлеңін билейтін ән қы­лып жібер­гендер де бар. Ол – кәдімгідей адам жү­регінен аңсап шығатын ән, аң­сау­дан туған. Әнді бұзып, тыпырлатып жі­бер­гендерге рен­жулімін. Музыканы өлеңге лайықтап жазу керек. Мұқағали сөздерінің кейбірі мұңданатын, кейбірі шаттанатын ән тілеп тұр. Жанрлық жа­ғы­нан бір сарынды емес, барлық жанр­да жазылатын өлең бар. Му­зыкадан ха­бары бар, сезімі бар адам өлеңін ән­мен төгілдіріп жіберетін еді.
Ақын­ның «Отыздан асып барамын», «Жалаң аяқ қыз» өлеңдерін оқыған адам ол жерде мұң, ой, шындық, мәселе барын тү­сінер еді. Ал оларды өзін-өзі жұлып жейтін, билейтін әнге айналдырғандарға не жорық?! Мұқағали «Отыздан асып барамын» өлеңінде:
Қуанып кейде қаламын,
Қуарып кейде қаламын.
Аттанған ата-ананың
Артынан қуып барамын, – деп адамның жастық ғұмырының мәңгілік тұрмайтынын, кәрілікке, өлімге қарай барлығымыздың да қадам басатынымызды меңзеп тұрса, «Жалаң аяқ қызда»:
Қара да тұр, қайтесің, қара да тұр,
Бұлаң еткен бұл сурет қалады ақыр.
Жалаң аяқ...
Балтыры жалт-жұлт етіп,
Ғайып болып жастығым бара жатыр, – деген жолдар арқылы жастықтың да мәңгілік еместігін, бұлаң етіп өтетін қас-қағым өмір сәттерін суреттейді. Ал жас­тар сүйіп тың­дайтын Ерболат Құдай­бергенов «Сүйгісі келе берер сүйген ерін, Сүй, жаным, сүйкімді бір күйге енемін» деп өріліп келетін «Бойжеткен» өлеңін сүюге құмартып, өліп-өшіп тұрған жігіттің сөзі іспетті әнге қосыпты. Бәлкім, жас буынның жүрегіне жол тарту үшін бұл да табылған ақыл шығар. Дегенмен артық қыламыз деп, тыртықтыққа жол беріп, ойлы сөзді ойыншыққа айналдыра берудің еш қажеті жоқ.

P.S.
Әнші Сара Тыныштығұлова апайымыз Қазақ радиосының көркемдік кеңесінде тұшымды бір ән тыңдай алмай: «Өкінішті, екі сағат келіп отырамыз, тыңдайтын ештеңе жоқ. Әннің көбі ұрланған, орыстардан, қазақтар бірінен-бірі ұрлайды. Бәрі алады да, Мұқағали өлеңдеріне ән жазады. Мақатаевтан басқа ақын жоқ па?!» – деп ашынған екен. Бұлай дейтіндей жөні бар. Есті композитор ессіз сөзге өлең жазып, есалаң ән тудырғысы келмейді. Мұқағалидың әр өлеңі поэзия ретінде оқысаң да, әнге салсаң да, тігісі тегіс жата кететін әжеміздің көрпесі сынды. Өлең жазғанның барлығы ақын емес. Бір-екі өлең жазып, ән шығартып, аты шығып, «жер өртеп» жүргендер қаншама! Өлеңді ән жазылсын деп емес, оқырман ішінен ой түйсін деп жазғанда ғана қадірі артып, сөздің парқына жетпек. Қоғам шындығын, өмірдің тың үнін, адамның ішкі жүрек бұлқынысын жазуды ғана көздеген Мұқағали өлеңдері сондықтан да құнды, сондықтан да өміршең. Асылдың өзі кетсе де, жауһар жырлары оқылып, әуезді ән болып төгіле бермек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста