Қайша ТӘБӘРІКҚЫЗЫ, Қытайда тұратын қандасымыз, аудармашы, белгілі қаламгер:
...Мұқағалидың өлеңдерін тәржімелегенде мен Санжы облыстық әкімдіктің Хатшылар басқармасының бастығы болып жұмыс істеуші едім. Біздің басқармада Мұратбек деген қазақ жігіті бар еді. Қашан көрсем, қолынан бір кітапты тастамай оқып жүретін. Бір күні: «Ей, Мұратбек, қолыңдағы кітапты тастап, жұмыс істесеңші!» – дегенім сол екен, ол: «Апай, мынау Шыңжаң жастар баспасынан шыққан «Қаздар қайтып барады» деген өте керемет кітап. Авторы – қазақстандық Мұқағали деген ақын. Сіз оқысаңыз, жылайсыз», – деді. «Мені жылататындай қазақта қандай ақын бар? Қазір жиналысқа кіргелі тұрмын. Мен шыққанша бес-алты өлеңін таңдап қой», – дедім. Жиналыстан шықсам, Мұратбегім ақынның біраз өлеңін дайындап отыр екен. «Ал оқы», – дедім. Мұратбек оқи жөнелді. Алдымен «Соқпақ», «Поэзия», одан кейін «Махаббат диалогы», «Бабалар, сіздерге рахмет»... Оқып жатыр, оқып жатыр... Алла, не деген керемет!
– Мұратбек, тоқта! Мына қытайдың жұмысын қояйық, – деп есікті ішінен құлыптап. – Сен оқып отыр, мен сөзбе-сөз қытай тіліне тәржімелейін, – дедім. Сөйтіп, екі сағат он минутта алты өлеңді аударып болдық. Болғанша көзімнің жасы сорғалап ағып тұрды. «Тәуба, қазақта да осындай өлең жазатын керемет ақын бар екен ғой» деп таңғалып, Мұратбекке:
– Ертең таңертең Хатшылар басқармасында жиналыс болады. Автордың атын жазбай, өлеңдерді көбейтіп, қытайларға таратып берейін, – дедім.
Хатшылар басқармасында менен басқа 14 қытай хатшы бар. Бәрі ақын, жазушы ғой. Ертесіне Мұқағалидың өлеңдерін бәріне үлестіріп бердім. Әлгілер оқып алып: «Не деген керемет өлеңдер, қайсы өлкенің ақыны?» – деп таңдай қағысты. «Кімнің өлеңі, қайсы өлкенің ақыны» деп қазбалап сұрап отырғандары қытайдың атақты ақындарының бірінің өлеңі деп дәмеленіп отырғаны ғой.
– Қазақстандық Мұқағали Мақатаев деген ақынның өлеңі, – десем, қытайлар:
– Мұқағали деген қазақ па? – деп шу ете түсті.
– Иә, мен сияқты кәдімгі қазақ.
– Үй, о немелер де өлең жаза ала ма екен? – демесі бар ма!
Қытайлардың осы сөзінен кейін қасақана Мұқағалидың өлеңдерін тәржімелеп, Қытайдың ең таңдаулы бес-алты журналына жарияладым. Қытай оқырмандары іздеп жүріп оқыды десем, артық айтқан болмаспын.
(«Есіңе мені алғайсың», Алматы, «Сарыжайлау» қоғамдық қоры, 2010)