Мерей

Сеңгірге шыққан «Сақшы»

Қазақстандық полицияның жаршысына айналған «Сақшы» газетінің жарық көре бастағанына биыл – 80 жыл. Сексен жыл – елінің алдына шығып салиқалы ақыл айтар қарияның жасы, сексен жыл – «Елу жылда ел жаңа» дейтін сөздің ақиқатына көз жеткізер жаңаруларға куә болар кемел жас. Міне, биыл осындай сеңгірлерден өткен «Сақшы» оқырмандарына 80 жылдың тарихынан сыр шертер күнге де жетті.



Қазақстан Республикасы ІІМ-нің ве­домст­волық «Сақшы», «На страже» газет­тері – 1933 жылдың мамыр айынан бері жарық көріп келе жатқан еліміздегі көне басылымдардың бірі. Өткен ғасырдың 30-жылдары еліміздің өміріндегі ең бір ауыр кезең болғаны жасырын емес. Кеңес өкіметінің елді жаппай ұжымдастыру ісіне белсене кіріскен кезең еді, қоғам өмірін­дегі бұл өзгерістің қазақтарға оңай соқпа­ғаны анық. Ен даланы ен жайлап өмір сүр­ген ел үшін бір колхоз болу бір тарының қауы­зына сыйғанмен бірдей күй кешті. Осын­дай аласапыран кезде мемлекеттің ішкі тәртібін сақтауға жұмылған милиция қыз­меткер­лерінің еңбегі ерен болды. Банди­тизм мен кулактарға, мал ұрлығы мен барымтаға қарсы күрес, сауатсыздық­ты жою және ауылдарды қайта құру, мемле­кеттің мүлкін ашкөздерден сақтау және еліміздің тыныш­тығын күзету жолындағы сақшылардың жанкешті еңбегін халыққа жеткізіп отыра­тын газет алғашында «SAQCЬ» – «Страж» деген атпен шықты. 1933 жылдың қаңтар айын­да өлкелік газет болып шыққан ол Өлке­лік милиция басқар­масы саяси бөлі­мінің органы болды. Газет әр жылдарда әртүрлі атпен жарық көрді. «На страже», «Қазақс­тан милициясы» секілді атаулармен шық­қан газет 1970 жыл­дары жабылып қалады. Оның бір себебі – сол жылдары Ресейдің әрбір ішкі істер органында осы тектес газет болыпты. Ал Грузияда тіптен  ІІМ ведомстволық газетінің тиражын көтеру үшін «гаишник» әрбір тоқтатқан көлік иесі­нен басылымға жазылған-жа­зыл­мағанын сұрап, жазылма­са, жүргізбей қояды екен. Сөйтіп, газеттің тиражы миллионға дейін жеткен. Бұл сол кездегі Кеңес Одағының басшысы Л.Брежневке жеткен де, көбін жауып тастаған. Сол қосақтың арасында біздің «Сақшы» да кеткен сияқты. Газет араға он жыл салып, яғни 1982 жылы бір-ақ шығады. Сол кездегі газет редакторы Анатолий Захаро­вич Черепанов өз естелі­гінде газеттің шығу тарихы туралы: «Ол кезде ішкі істер министрі, генерал-майор Андрей Платаев болатын. Мені редактор етіп тағайындай салысымен «ертең бірінші санын шығарыңдар» деп бұйрық берді. Мен қарқылдап күліп «біз­де не қағаз, не журналист жоқ әлі, қалай шығарамыз?» десем, «қазір журналистер табамыз» деді де, залға 40 шақты адамды жинап әкелді, бәрі – шетінен капитан, ма­йор, полковник. Бәріне мақала жазыңдар деп тапсырма  бердім. Біреуі жаза алмай­ды. Министр сонда ғана журналист деген мамандықтың ауыздықтауға көнбейтін мамандық екенін түсінді», – дейді.

А.Черепановтың тұсында газет Ленин­град, Мәскеу, Киевтегі әріптестерімен тәжірибе алмасып тұрған. Соның арқасын­да ол қолдан-қолға тимей оқылатын газет­ке айналған екен. Ол туралы да Анатолий Захаровичтің естелігінен оқыдық. «Арада жарты жыл өткен соң Д.Қонаевпен кезде­судің сәті түсті. Ол қолын алға созып, жұдырығын түйіп, бас бармағын шошай­тып: «На страже» – керемет газет», – деді. Одан біз «газетімізді Қонаев мақтады» деп жарты күн тойладық».

Ал таңымыз орыс тілімен ғана атып, тауығымыз орыс тілімен ғана шақырып тұрған кезеңде бұл газеттің қазақшасын шығару оңайға түскен жоқ. Қазіргі «Сақ­шы­ның» негізін қалауға аямай тер төккен азамат – Базарбай Исаев. Ақындығы мен жазушылығы қатар жүрген, ішкі істер саласында ұзақ жылдар қызмет атқарып, полковник шеніне дейін жеткен марқұм Базарбай Исаев «Сақшы» газетінің үш мы­ңын­шы санына байланысты жарық көрген сұхбатында: «Он жылдай уақыт бойы тек қана орыс тілінде шығып келе жатқан «На страже» газетінің бір бетін қазақша шыға­руға министрлік алқасы 1990 жылдың сәуір айында шешім қабылдаған екен. Сол бетті шығару үшін мені шақырды. Ол кезде министрдің бірінші орынбасары Эрнст Өмірзақұлы Басаров болатын. Қазақша бетті шығару сол кісінің бастамасы еді...Міне, сөйтіп, 1990 жылдың қыркүйек айы­нан бастап газеттің бір беті қазақша «Сақ­шы» болып шыға бастады», – деген бола­тын. Б.Исаев тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесін алған тұста жеке қазақ газетін шығару туралы ұсыныс жасап, талай шенеуніктің табалдырығын тоздырады. Бірақ оның ұсынысын сол кездегі ішкі істер министрі М.Берсенов қолдағанымен, ре­дак­тор А.Черепанов «қаражат жоқ» деген сылтаумен игі бастаманы артқа жылжыта береді. Осы тұста министрдің бірінші орын­басары болып Қайырбек Шошанұлы Сүлейменов тағайындалады. Сол кісінің арқасында қазақ газеті Баспасөз министр­лі­гінде тіркеуден өтеді. Қ.Сүлейменов Ба­зарбай Исаевты газетке редактор етіп таға­йындай­ды да, сәуірден бастап газеттің төрт беті – орысша, төрт беті қазақша шыға бас­тай­ды. 1998 жылы қазақ тілінде жеке «Сақ­шы» газеті жарық көре бастады. Содан бері атал­ған газет өз алдына жеке басылым жауап­кершілігін абыроймен арқалап келе­ді.

«Сақшы» газетінің журналистері кезінде иығына погон таққан офицерлер болатын. Басшылар және тілші деген штат бірлігі аттестатталған лауазым еді. Соның арқа­сын­да талай журналист офицер атанып, қазір – олардың алды отставкіде. Мысалы, газет басшылары Базарбай Исаев пен Әбді­жамал Сапарқұлов – полковник, Ардақ Айменова – майор, Жұмагүл Сәтмұхамбе­това (Әбдікәрімова), Көбейхан Нұрахмет (Мур­закулов) пен Кентай Алдырбаев подпол­ковник шендеріне дейін жетті.

Газет тігінділерін ақтарсақ, Қалижан Бекхожин, Василий Копытин, Константин Тарасов, Алексей Кондратский сынды редакторлардың есімдерін кездестіреміз. «Казахстанская правда» газетінің бұрынғы редакторы Анатолий Логинов, «Правда» газетінің Қазақстан бойынша меншікті тілшісі, жазушы Альберт Штульберг, «Эксп­ресс К» басылымында жауапты хатшы болып қызмет атқарған Вадим Борейко да осы басылымда еңбек еткен.

Базарбай Исаев, Әбдіжамал Сапарқұ­лов, Рысбек Үркімбай, Лариса Броватая, Токнияз Кучуков, Владимир Демидов, Аза­мат Байғалиев, Ольга Медведева, Борис Гиллер, Ольга Фоменко, Мая Агибаева, Владимир Нонкин, Владимир Демидов редакторлық жасаған тұста «Сақшы-На страже» тәртіп сақшылары­ның рухани серігіне айналды. Оқылуға жеңіл, мейлін­ше қызықты материалдар беріліп тұрды. Сондай-ақ газетте белгілі жазушы Нұрғали Ораз, танымал ақын Әлібек Шегебаев, журналистикада өз қолтаңба­сы­мен орнын белгілеген Сәкен Сыбанбай, ақын-журналист Нұржан Қуантайұлы еңбек етті. Шағын басылым талай жас тілшілердің қанатын қатайтқан алтын ұя мектеп бол­ды. Айнаш Көксе­генова, Әділет Ыдыры­сов, Шалқар Есте­нов, Гүлжан Айнабекова секілді бірталай білікті журналист қызмет атқарды.

«Сақшы» газетінің тарихы туралы сөз қозғағанда редакцияның құрылымында болған өзгерістерге тоқталмай кетуге болмайды. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде редакция Ішкі істер министрлігінің бір құрылымдық бөлінісі болса, 1993 жылдан бастап 1999 жылдар аралығында редак­ция­ның ұйымдық-құқықтық нысаны «Сақшы-На страже» апталық республика­лық газеттерінің ұйымдасқан редакциясы» мекемесі түрінде болды, кейіннен «Сақ­шы-На страже» республикалық мемлекет­тік кәсіпорны болып өзгертілсе, 2005 жылғы 6 маусымнан «Сақшы-На страже» ЖШС болып қайта құрылды. Ал 2009 жылғы 17 қарашадан бері «Қазақстан Рес­публикасы ішкі істер органдарының медиа орталығы» ЖШС болып жұмыстарын жал­ғастырып келеді. Қазақстан Республи­касы Байланыс және ақпарат министрлігінде 2012 жылдың 4 қаңтарында ішкі істер органдары қызметіне қатысты ақпарат және құқықтық, қоғамдық-саяси газет ретінде қайта тіркелген «Сақшы» оқырман аудиториясын кеңейтуді көздеп отыр.

Ішкі істер органдарының қызметін жариялауда бай тарихы мен үлкен тәжіри­бесі бар Медиа орталық бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының ішкі істер саласында өзіндік ақпараттық-насихат орталығы болып табылады. Сонау 30- жылдардың басында қазақша шығып, қайта жабылып, 1992 жылы бір бет қана қазақша болып шыққан газет бүгінде аптасына екі рет жарық көреді. Аптаның бейсенбі күні – А2 форматтағы 8 беттік ресми, ал бейсенбі күні А3 форматындағы 16 беттік арнайы шығарылым жарияла­нады.

Апта басындағы ресми шығарылымда елімізде, шетелде болып жатқан саяси-әлеуметтік, мәдени іс-шаралар, қоғам наза­рына іліккен маңызды оқиғалар жөнінде ақпараттар, сонымен қатар ІІМ тыныс-тіршілігі тұрақты түрде жарияланып келеді. Ал 2012 жылдың 31 мамырынан бастап 16 бет болып жарық көре бастаған бейсенбілік арнайы шығарылым, негізінен, қылмыстық хроникаға арналған. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінде болған қыл­мыстық оқиғалар жедел әрі нақты беріле­ді. Газет форматын өзгертуге байланысты әрі оқырман назарын аударту мақсатында бұл материалдар дизайнының барынша тартымды, ойнақы, жеңіл әрі түсінікті болуына баса назар аударылады. Арнайы шығарылымда оқиға орнынан берілетін фоторепортаждар, рейд, арнайы журна­лис­тік талдама мақалаларының саны арт­ты. Сонымен қатар полиция мен қоғам, ре­дакция мен оқырман арасын­дағы ақпа­рат­­тық-насихаттық байланысты жалғауды көздеп, «Білгім келген бір сұ­рақ» айдарын қайта жаңғыртып отырмыз. Бұл айдар аясында кез келген оқырман, полиция қызметкері өзін толғандырып жүрген сұрақтарына білікті заңгерден жауап ала алады.

«Заң және қоғам», «Санаға сауал», «Сіз не дейсіз?», «Аймақ көтерген мәселе», «Оқиға орнынан», «Ойтүрткі», «Бүгінгі күннің бейнесі», «Айтайын дегенім...» айдарларының да айтары көп. Бұл жаңа бөлімдер арқылы Ішкі істер министрлігінің ақпарат-насихаттық жұмысын ғана емес, аймақтарда қалтарыста қалып қойған өзек­ті сұрақтарды көтеріп, оқырман тал­қы­сына салуды мақсат тұттық. Қоғамдағы қаны сорғалаған ащы шындық пен шеші­мін күткен түйінді мәселелер де журналис­тердің назарынан тыс қалған емес. Соны­мен қатар біраз уақыттан бері жарияланбай кеткен детектив жанрындағы топтамалар да тұрақты берілуде.

Газеттің мазмұндық құндылығын ішкі істер органдарындағы ресми, құқықтық ақпараттар толықтырады. «Брифинг», «Мұндай да болады», «Беймаза бейсенбі» секілді тұрақты айдарлар аймақтарда орын алып жатқан түрлі құқық бұзушы­лық­тар жөнінде толыққанды мәлімет береді.




Газетте полиция қызметкерлерінің күнделікті қызмет барысын, қиындығы мен сырткөзге көріне бермейтін қыр-сырын, сақшы келбеті мен білікті кадр об­ра­зын жан-жақты ашып беретін айдарлар жеткілікті. Солардың бірі – «Тергеуші жаз­ба­ларынан» айдары. «Тергеуші жазбала­рынан» – тек тәртіп сақшыларының ғана емес, қарапайым оқырман қауымның да сұра­ны­сына ие айдар. Қылмыскерлермен бетпе-бет келіп, одан жауап алатын тер­геу­ші мамандығының бел қайыстырар жүгі жеңіл емес. Ішкі істер саласының негізгі діңгегі де – солар. Себебі кез келген қылмыстық істі ашуда ең бірінші тегеуріні мықты тергеушінің кәсіби шеберлігі сынға түсетіні анық.

Көпшілік қауымда «ведомстволық басылымдар тек өз саласына қатысты тақырыптарды көтеріп, өз қызметкерлері туралы қалам тербейді» деген стереотип қалыптасып қалған. Алайда бұл дұрыс емес. Себебі газет бетінде қоғамның кез келген құбылысына үн қатып, пікір тудыра­тын жарияланымдар жетерлік.

Соңғы бір-екі жыл көлемінде басылым безендірілу, өңделу жағынан, сонымен қа­тар тақырыптық тұрғыдан біраз өзгеріске ие болды. Қазіргі таңда газеттің мазмұн­дық құндылығын ішкі істер орган­да­рын­дағы ресми, құқықтық ақпарат­тарын толық­қанды әрі жан-жақтылықпен артты­руды қолға алдық. Атап айтқанда, министр­лік қабырғасында өткізілген халықаралық маңызды кездесулер, шетел мамандарымен тәжірибе алмасу, Үкімет, Парламентте талқыланған заңнамалар, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңдарға қатысты талдамалы-сараптама материалдардың көлемін арттыруға баса назар аударылып отыр. Газеттің өн бойын­дағы жүйені, жарияланған мақалалардың тақырыптық сипатын сақтай отырып, түрлі саланы қамтуға да ерекше мән беріледі.

Ішкі істер министрлігінің ақпараттық қызметін қарқындату мақсатында басы­лым ағымдағы жыл барысында іске қо­сыл­ған барлық заңнамалар мен құқықтық-нормативтік актілерге қатысты ақпараттық, насихаттық, түсіндіру жұмыстарын белсен­ді жүргізіп келеді.

Бүгінгі таңда осы басылым бетінде жарияланып жүрген материалдар Ішкі істер министрлігінің ақпараттық-насихат­тық жұмысының ажырамас бөлігі болып саналады. Жабырқаған жандарға медет болған, қиналған жандарға қорған болған сақшылардың еңбегі мен өмірінен сыр шерткен «Сақшы» қазіргі таңда қазақстан­дық полицияның оң имиджін қалыптасты­руда, ішкі істер саласы құрылымдарының өзара жұмыс тәжірибесімен алмасуында, ішкі істер органдары қызметкерлеріне азаматтық және моральдық-адамгершілік тәрбиені, патриоттық және кәсіби білікті­лік­ті насихаттауда үлкен рөл атқарады.

Газет тігінділері, шындап келгенде, қа­зақс­тандық полиция тарихының топтама­сы секілді. Себебі басылым беттерінде сақшылар туралы бәрі бар: қиындық пен қызыққа толы қызметі, өмірі, жетістіктері мен кемшіліктері, мәселелері мен ой-пікірі, аға буынның айтары мен жас маман­ның алғашқы қадамы. «Сақшының» мінберінен сөз сөйлеп, көпке ой тастар ардагерлер мен қым-қуыт қызметтерінің қыр-сырымен бөлісер білікті мамандар арасындағы берік байланыстың да біз үшін маңызы зор.



Сөз соңы

Сексен деген сеңгірден асқан «Сақшы» жайлы сөз қозғағанда қоғам тыныштығы күзетінде қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлері туралы жұртшылыққа мағлұмат беретін журналистердің жауапкершілігіне ерекше тоқталғым келеді. Кез келген БАҚ-тың басты мақсаты халыққа ақпарат беру екені бесенеден белгілі. Алайда қызмет бабында қаза болған қызметкер, қылмыстық оқиға, жол апаты, төтенше оқиға туралы жазу оңай емес. Себебі әр қылмыстық деректің артында құрғақ сан мен статистика ғана емес, адам тағдыры да тұрады. Ал біреудің қайғысы, мұң-мұқтажы мен басына түскен қасіретін қиналмай жазу мүмкін емес.



Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ, «Сақшы» газетінің бас редакторы




Көрілген: 1766    Пікірлер: 0

сенбі, 28.09.2013, 11:55

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30