Ымырт

Қызылқұм қойнауындағы Қалғансыр

  • Қызылқұм қойнауындағы Қалғансыр

    Қызылқұм қойнауындағы Қалғансыр

Сыр бойының Қызылқұм беткейінде Қалғансыр деген елді мекен бар. Бұл ауыл кезінде берекелі тіршіліктің базарын қайнатты. Жалпақ жұртқа киіз үй жасаумен белгілі еді. Атакәсіпті ардақ тұтқан ауылда бүгінгі күні ондай тіршілік ауаны келмеске кеткен. Дегенмен елдегілер басқа жаққа үдере көшкен жоқ. Бауыр басқан мекеннен жырақ кетпеді. Әлі де сол ауылда түтінді түзу ұшыруға пейіл танытып отыр.


Алтын қолды шеберлер

Аталмыш ауыл кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қараған. Жетпісінші жылдардан бері Қызылорда облысы аумағына енгізіліп, қазір Жаңақорған ауданына қарасты елді мекендердің бірі болып отыр. Бүгінгі күні ауылда 20-ға тарта шаңырақ бар.


Көнекөздер кезінде ауылдағы кейбір үйлердің төбесінде қызыл жалау ілініп тұрғанын тілге тиек етеді. Оның себебі бар екен. Бұл ауылда киіз үй жасайтын алтын қолды шеберлер болған. Жаңағы жалау сондай үздіктерге көрсетілген құрмет көрінеді. Олар көшпелі тіршіліктің көрінісіне айналған құндылықты бағалай білді. Шеберлер қолынан шыққан ақ шаңқан киіз үйлерді өзгелер қызыға сатып алатын. Ауыл адамдары тоғай аралап, ағаш дайындайтын. Уық иетін адамдардан да арнайы бригада құрылған. Қазір олай емес. Қазақтың құтты қонысы болған дүниелер де көзден ғайып болды. Оны жасайтын адамдар да сиреп барады.


Киіз үйге сұраныс жоқ

Бүгінгі күні киіз үйге сұраныс жоқ. Жазда жайлауға, қыста қыстауға шығатын тіршілік те келмеске кеткелі қаншама уақыт өтті. Кезінде киіз үй шопандарға таптырмас баспана еді. Қалғансыр елді мекеніндегі шеберлер жасаған аталған баспанаға сұраныстың жоғары болып тұрғаны сол себепті еді. Қазір бұл құндылығымыз тек ұлттық мерекелерде тігілетін жәдігердің бірі ғана болып қалғаны өкінішті-ақ.


Ауылда әлі де сол кәсіптің қыр-сырына қанық адамдар аз емес. «Егер сұраныс болып жатса, небір әсем үйлерді жасайтын едік», – дейді олар. Рас, біз бүгінгі күннің жетегінде кетіп, өткенге көз жұма қарауды әдетке айналдырып бара жатқан секілдіміз. Болмаса өркениетті заманның өріне шыққан көптеген елдер өткенін ұмытпай, көзінің қарашығындай сақтап келеді.


Басқа кәсіппен айналысады

Бұрын атакәсіпті ардақ тұтқан ауылдағылар қазір басқа тіршілікке бет бұрды. Әрине, амалдың жоғынан. Қазір жергілікті тұрғындар көкөніс-бақша дақылдарын егумен айналысады. Жерден несібе терген ағайын мол өнімге негіз қалап жүр. Әр гектардан 20-30 тонна көлемінде өнім жинайды. Оған қосымша қауын-қарбыз, тары секілді дақылдар егіледі. Оны сатып, көп-көрім пайда табады.


Ауыл тұрғыны Түркістанбай Мақұлбеков: «Біз бұл жерде көп жылдан бері өмір сүріп келеміз. Жиырма-отыз үйлі ауыл болғанмен, кіндік қанымыз тамған туған жерден жырақ кеткенді қаламаймыз. Осы ауылда тіршіліктің қара қазанын қайната бермекпіз», – дейді.


Қызылқұмның қойнауындағы құтты қоныстың кешегі және бүгінгі бейнесі осындай болып тұр. Ауылдағылар өткен жылдардағы тіршілікті әлі сағынышпен ойға алады. Алайда оған әзірге ешкім назар аударып жатқан жоқ. Бәлкім, сол берекелі тіршіліктің базары қайта оралар...


 




Көрілген: 3312    Пікірлер: 2

дүйсенбі, 26.04.2010, 10:28

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30