Мұра

Шәкір мен Жұмакүлбайдың айтысы

  • Шәкір мен Жұмакүлбайдың айтысы

    Шәкір мен Жұмакүлбайдың айтысы

Жұмакүлбай мен Шәкір ақын түйдей құрдас-тын. Екеуі кезіксе, қалжыңдаспай отыра алмайтын. Оларда аясу бола ма?! Бірінің қазіргі сөзін қоштасаң, екіншісі одан асыра­ды. Сен қайсысын қостай бересің. Ерік­сіз қоштаудан тыйыласың. Ал еке­уі құрыштан сауыт киіп алғандай бі­рінің қалжыңын екіншісі бойына дарытпай сөз жебесін және тарта бастағанының куәгері болып отыр­ғаның. Бірақ Жүкең Шәкір ақын көзін­ше өлең айтпай, қайта Шәкірді өлеңге қарай бейімдей беретін. Жүкең сөзінен Шәкірді ардақтайтыны үнемі сезіліп тұратын. Бұл 1945-1947 жыл­дар­дың бірінде болса керек. Ол шақ Шә­кірдің бағы аспандап, беті түзел­ген, дәуірлеген кезі еді. Облыстық ақындар айтысынан әлденеше жүлде алып, облыстық кеңестің шешімі бо­йынша шаруашылықтарда ақылы кон­церт қоюға рұқсат берілген-тін. Оқтын-оқтын облыс аудандарын ара­лап, өнер көрсетіп, сый-құрмет шаш етек­тен болатын. Абыралы ауданы арғымақ сүйекті қара ат, Шар ауданы аккардеон сыйлап, ақынның отба­сын­да қуаныштан қуаныш еді. Бәй­бі­шесі Рысбүбі екі қыз, бір ұл баланы бі­рінен соң бірін сыйлаған-тын ақын­ға.

Ақын болса «Таңшебер – Жапал» поэ­масын жазып, халық алдында ар­найы әнімен сөткелеп жырлайтын. Колхоздың жемқор басшыларын әшке­релейтін «Бұл колхозды кім жей­ді?», адамның жас баянын бейне­лейтін «Жиырма бес» сияқты өлең­дерін әнімен төгілтіп, тасып жүретін.

Міне, сондай шақта, аудан бас­шылары қатысқан бір жиында екі құр­дастың төмендегіше қалжың-қар­жасуы болады. Кеу-кеу қыздырманың үстін­де Шәкір Жұмакүлбайға тиісті дейді.

Шәкір: – Сен, Жұмакүлбай, бір қой­майсың. Мына жұрт алдында менен төмендігіңді дәлелдесем, тала­суыңды қоясың ба, осы?..

Жұмакүлбай: – Дәлелде, қоя­йын.

Шәкір: – Тыңда, ендеше. Бірінші, ең алдымен атыңнан атым артық. Қара атымды арғымақ десең болар. Абыралы халқының сыйы екенін білесің. Сенің астыңдағы атың ырби­ған жаман қоңыр байтал. «Байтал шауып, бәйгі алмасты» білесің.

Екінші, қатыныңнан қатыным ар­тық. Менің қатыным жас. Құшақ­тасам тәнім риза, көріп отырсам көңілім тоқ, жаным риза. Сенікі қатын да емес, лақса кемпір, өзіңнен жеті жас­қа үлкен. Қалай қасына жатады екен­сің? Тегіңде жоқ неме теткейсің бе?!

Үшінші, әкеңнен әкем артық. Әкем Әбен ат айналғысыз аймағы бар. Жамантобықты, Жөкеңді отыз жыл билеген. Ол кісінің несін сөйлейін. Өзің де білесің.

Сенің әкең – Көкшенің жүгін сиырға артқан Жаңабай, Екібақсының Тоқтышағының баласы. Киімге, асқа жарып еді десең, айтарсың.

Төртінші, өзіңнен өзімнің артық­тығым: Мұнымды айтпасам да болар еді де. Атымды Қазақстан біледі. Халық ақынымын. Қайда барсам хал­қым қасымда. Халқымның аузындағы сөзі, кеудесіндегі сазымын. Сен бол­саң қутың-қутың, ыржаң-ыржаң күл­кіңе ризасың. Оның сол жерде жел боп ұшып жатқанын көрмейсің, біл­мей­сің.

Жұрт шуласып, ақынды мадақтап-мадақтап, Жүкеңді тыңдамақ бо­лады.

Жұмакүлбай: Мақтаншақ Шәкір, санамағыңа мен де санамалай жауап берейін, тыңда!

Бірінші артықтығыңа жауабым: «Сенің атыңнан менің байталым артық» деп айтамын. Сенікі – биыл қара ат, келесі жылы қара ат, одан соң да қара ат, қара ат... қара ат... Менікі биыл қоңыр байтал, келесі жылы құлынды бие, одан соң мама бие, құлыны тай, құнан, ат, қулық, бие, құлын, тай, байтал және бие.

Екінші артықтығыңа жауабым: Қатынының жас екені рас. Бірақ қатыныма көңілім тоқ, ризамын дегенің шылғи өтірік... көңілің тоқ, риза болсаң, үйіңнен шыққаныңа үш күн өтер-өтпестен артында құлыны қалған биедей оқыранатының қалай? Жастың аты – жас. Сен елуде болғанда онда отыз жас та жоқ. «Көзің тайса ол пақыр, демес пе әлгіні шақыр» дейді деп жүресің ғой байқұс... Менің қатыным сонада кемпір, кеше де кемпір, бүгін де кемпір, ертең де кемпір. Менің ештеңеге алаңым жоқ. Нағыз көңілі тоқ, жаны риза менмін. Сондықтан да сенің қатыныңнан менің қатыным артық.

Үшінші, болыс әкең Әбеннен менің әкем артық. Тірісінде жұртты жеді, зорлық етті, еңбекшіні қанады. Ел қарғысын алды. Сол қарғыс адамзаттың Абайына ұрындырды оны. Ол көрде де тыныш жатқан жоқ, күн сайын Мүңкір бір, Нәңкір бір ұрып, ұнтақ қып үгіп, жантақ қып жаныштайды. Ол көрінде өкіріп жатыр. Әкең Әбеннің орны – мәңгі тозақ. Менің әкем болса, ағайынның ала жібін аттаған жоқ. Жаны тыныш. Дұғадан жұрты тастамайды. Әкемнің әкеңнен хақ мұсылмандығы артық.

Төртіншіден, сен сатыласың, ақы төлемесе, айтпайсың. Мен қайда бар­сам, халқымның ортасында күл­кіге де, әнге де қарық қыламын. Мен өнеріме ақы алмаймын. Сон­дықтан халықтың баласымын.

Ұтықты сөзге кім тоқтамасын. Шәкір ақын «жеңілдім» дейді, әрине. Жүкеңнің жас шағындағы істерінің көбі ұмытылған. Тек 1935 жылғы Кереку – Шыңғыстау сапарындағы тапқырлықтары ел ортасында әлі әңгімеленеді.




Көрілген: 2523    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 14.09.2011, 11:19

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30