Ниет

Ысырапшылдық сауапқа жата ма?

  • Ысырапшылдық сауапқа жата ма?

    Ысырапшылдық сауапқа жата ма?

Жыл өткен сайын елімізде имандылыққа бет бұрған жандардың қатары артып келеді. Соған сай бүгінде қасиетті Құрбан айт мерекесінде Алланың жолына құрбандық шалатындардың да қарасы молая түскен. Әрине, бұл өзгеріс көңіл қуантпай қоймайды. Әйтсе де соңғы кездері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан қанша ескерту айтылса да, Рамазан айы қарсаңында дастарқанға қойылатын азық-түліктермен қатар, Құрбан айт мерекесі қарсаңында құрбандыққа шалынатын малдың да бағасының шарықтап кетуі көңілге кірбің ұялатады. Биылғы жылы Құрбан айт қарсаңында ысырапшылдыққа жол бермей, Құрбан айттың жөн-жоралғыларын барынша сақтап, халыққа бағыт-бағдар сілтеп отырғысы келетін азаматтардың өз еркімен игі іске бастамашы болуы көңіл қуантады.

Әдетте құрбандық шалуды ниет еткен азаматтар құрбандығын балалар үйіне атап жатады. «Жерде бір жетім жыласа, көкте мың періште күңіренеді» дегендей, олар құрбан­дығы арқылы жетімдерге шарапатым тисе дейді. Балалар үйіне жыл сайын құрбандыққа шалынған мал етінің көп жиналатынын да естиміз. Тіпті көп жиналатыны соншалық, сақтайтын жер болмағанан кейін балалар үйінің қызметкерлері оны өзара бөліске түсіретіні жайлы да қаңқу сөздер естіліп қа­лады. Әрине, кімде-кім болсын Алланың разы­лығы үшін шалынған құрбандығының тиісті мұқтаж жандарға жеткенін, сол арқылы құрбандығының, ниетінің қабыл болғанын қалайды. Тіпті осындай қаңқу сөздерден соң шалатын құрбандығын кімге берерін білмей, мешіт­терге беріп жататын да жандар кез­деседі.

Күннен-күнге елімізде құрбандық шалу­шылар қатарының көбейіп келе жатқанын ескерсек, оларды неғұрлым ысырап болдыр­май, нағыз мұқтаж жандарға жеткізу жол­дарын қарастырған да дұрыс секілді. Осыған орай, Алматы қаласындағы бірқатар аза­маттар ысырапшылдыққа жол берілмей, құрбандық малдың жетім-жесірлер мен на­ғыз мұқтаж жандарға жетуі үшін өз ерік­терімен біршама іс-шараларды ұйым­дас­тырып жатқанын құлағымыз шалды. Іздедік, таптық. Алайда олар Алланың разылығы үшін істеп жатқан істерін мүм­кіндігінше жарнама жасағысы келмейтіндерін жеткізді. Біздің де басты ниетіміз жұртшылыққа олардың әре­кетін дұрыс түсіндіру ғана екенін айтып өтін­дік.

Дәулетбек аға, қайырымдылық шара­сын ұйымдастырушылардың бірі:

– Бұл жерде басты ниетіміз пайда табу да, ұпай жинау да емес. Тек Құр­бан айтта ысырапшылдыққа жол бе­ріл­мей, әр нәр­сенің өз жөн-жоралғысына сай жаса­луын қадағалау. Мұны арнайы бір мекеме неме­се бір ұйым ұйым­дас­тырып отырған жоқ. Тек еліміздегі бірқатар азаматтар өз еркімен ұйытқы болуды көздеп отыр деуге болады. Құрбандық шалу мұсылман қоғамында үлкен мән-мағынаға ие. Құрбан деген сөздің өзі «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Яғни құрбандық шалу арқы­лы Аллаға жақындау. Әрине, Аллаға құрбандықтың еті тимейді, тек Алла құрбандық шалу арқылы адамдардың ниетін сынайды. Негізі, барлық адам Құрбандық шала берсе, оны жейтін ауыз табу қиынға түсетін секілді. Бұл өзі ысы­рап­шылдыққа да әкелетін сыңайлы. Бірнеше жылдан бері Құрбан айт мере­ке­сіне мемлекет тарапынан демалыс та беріле бастады. Мұның өзі Құрбан айтқа көңіл бөлінгенінің белгісі. Енді алдағы уақытта Құрбан айтқа қатысты көңілге кірбің түсіретін мәселелердің алдын алып, оны өз мәнінде атап өту – парызымыз. Осы орайда, біз ең алды­мен, құрбандыққа шалынатын малдың бағасын бір қалыпта ұстап тұруды қадағалап, қолға алмақпыз. Биыл құрбандыққа шалы­натын қойдың бағасын 25 мың деп белгілеп отырмыз. Алланың разылығы үшін күтіп-баптаған қойларын осы баға­ға беретін ауылдық жерден ағайындарды да тауып отырмыз. Пайда табу мақсатында емес, баққан малда­рын Алла разылығы үшін осындай бағаға бергісі келетін азаматтардың да табылуы бізді қуантады. Ислам діні ысырапшылдыққа қарсы. Жыл сайын бір қошқар құнының тіпті 70 мыңға дейін шарықтап жүргенін ескерсек, бұл баға қоғамымыздағы осындай шектен шыққан бағалардың болмауына да әсер етеді деп ойлаймын. Сонымен, кез келген құрбандық шалғысы келетін азамат біздің жігіттерімізге келіп, 25 мың теңгесін төлейді. Арнайы құрбан­дық мал сойылатын жерде оның атынан құрбандық мал шалынады. Қажы­лықтағы секілді арнайы рәсімін жасай отырып, құрбандық малдың шалынуы шарт. Одан әрі қойдың еті үш бөлікке бөлініп, бір бөлігі құрбандық иесінің отбасына, қалған бөлігі садақа ретінде таратылып, біздің жігіттер анықтаған нағыз мұқтаж отбасыларға бөлінеді. Ал ауысқан бөлігі үлкен тоңазытқышы бар арнайы орынға жөнелтіледі. Ол жерде ет шетінен уақтылы мұқтаж жандарға таратылып отырады. Бұл жұмыстар үшін ешкім ақы тілемейді, мұны ұйым­дастырып жүрген азаматтар оның бәрін өз еркімен істейді.


Айта кетер жайт, ерікті азаматтар ол жерде соймай-ақ, құрбандық шалу үшін сырттан барып мал сатып алғысы келген азаматтарды да 25 мың теңгелік қоймен қамтамасыз етуді мойындарына алып отыр. Біз өз тарапымыздан мұндай бас­тама­ға қалай қарайтынын білу үшін дін­танушы мамандарға да хабарласып көрген едік.

Досай КЕНЖЕТАЙ, философия және тео­ло­гия ғылымдарының докторы, про­фессор, дінтанушы:

– Әрине, заман сұранысына сай, мұндай іс-шаралардың ұйым­дас­ты­рылуы көңіл қуантады. Соңғы кездері құрбандық шалу қарсаңында мал баға­сының шарықтап кететіні, құрбан­дық сойылатын арнайы жер бол­ма­ғаннан кейін кейде мешіт маңының қан сасып кететіні, тіпті балалар үйіне берілген еттің талан-таражға түсетініне қатысты да біршама қаңқу сөздерді естіп қалатынымыз рас. Қасиетті мереке соңының мұндай шуға ұласуы, әрине, көңіл қынжылтады. Кейде құрбандық шалушылар құрбандық малын қайда апарарын білмей жатады. Осының бәрін өз дәрежесінде тиімді ұйым­дас­тырып отыратын азаматтар болса, нұр үстіне нұр болар еді. Өз басым бұл бас­таманы қолдаймын.


Әрине, құрбандық шалу рәсімі еліміз­дің барлық аймағына тән. Сондықтан осы бір бастама еліміздің барлық аймағында жүзеге асып, ысырапшылдыққа жол беріл­мей, Алланың разылығы үшін атқарылған іс-шаралардың өз дәрежесінде өтуіне атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді-ау!




Көрілген: 2765    Пікірлер: 1

сенбі, 12.10.2013, 13:37

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31