14 жастағы бозбала суға батқан қызды құтқарамын деп құрбан болды

31 шілде 2021, 18:05

Семей қаласының 14 жастағы тұрғыны Нұржігіт Әшімжанов суға батып бара жатқан қызды құтқарамын деп өзі опат болды. Бұл туралы блогер Александр Цой әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады деп жазады azattyq-ruhy.kz тілшісі.

 

Ол 30 маусымда достарымен бірге Ертіс өзенінің бойында демалуға барған. Сол кезде суға батып бара жатқан қызды көріп қалады. Құтқармақшы болып бірден суға секірген. Бірақ өзі жүзуді жақсы білмеген екен. Сонда да Нұржігіт қыздың қасына дейін жүзіп барып, оны шұңқырдан шығарып, жағаға қарай итеріп жіберген. Алайда өзінің судан шығуға әлі қалмаған.

 

Куәгерлер оны ес-түссіз күйінде судан шығарып алған. Жедел жәрдем қызметі барлық құтқару шараларын жасағанымен, оны құтқару мүмкін болмады.

 

«Жақында Нұржігіт қайтыс болғаннан кейін «Батып бара жатқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды. Баланы осындай лайықты етіп тәрбиелегені үшін ата-анасына алғыс айтамыз. Жүрегі кең кішкентай батырдың жатқан жері жайлы болсын», - деп жазды Александр Цой.