17 еркек зорлады деген жасөспірім оқиғасы бойынша қылмыстық іс тоқтатылды

17 маусым 2022, 20:07

Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаменті Экспресс К редакциясы жолдаған сұраныс хатқа жауап беру кезінде мәлімдеді, - деп жазады Alashainasy.kz тілшісі.

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында өткен жылдың мамыр бойында 17 еркек бірнеше күн бойы зорлады деген жасөспірім қыздың оқиғасы бойынша қылмыстық іс тоқтатылды.

 

Редакция ведомствадағыларға қоғамдық резонанс тудырған оқиға бойынша бірнеше сауал жолдаған еді. Алайда департаменттегілер қысқа ғана қайырды.

 

"Бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-1-бөлігімен (Зорлау) қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес, яғни, қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты өндірістен алынған. Бұл шешімнің негізділігі және заңдылығымен қадағалаушы прокурор келіскен" делінген ресми сауалға берілген жауапта.

 

Полиция департаменті редакция қылмыстық процеске қатысушы болып табылмағандықтан жолданған сұрақтарға қатысты өзге мәліметті беру мүмкіндіктері жоқ екендігін айтты.

 

Еске салсақ, бұл шулы оқиға туралы өткен жылдың қазан айында белгілі болды. 11 сынып оқып жүрген қыздың анасы жергілікті журналистен араша сұраған. Айтуынша, мамыр айында болған оқиға бойынша полицейлерге арыз түсіргенімен ешқандай нәтиже болмапты. Кейінірек жасөспірім қыз бен анасы оқиғаның қалай болғанын айтып берді. 21 мамыр күні базардан шыққан қыз таксиге отырған. Алайда жолда такси жүргізуші әлдекімдерге хабарласып, төрт күн бойы қызды қолдан қолға беріп отырыпты.

 

Жасөспірімнің анасы қызын зорлағандардың қатарында әкесінен де үлкен ер адамдардың болғанын айтты.

 

Оқушының анасы қызын зорлады дегендерден 8 миллион теңге алып, кешірім берген екен. Бірақ олар айтқан уәделерінде тұрмапты. Бұл шулы оқиғаға қатысты Полиция департаменті де пікір білдірген болатын.