Ақмола облысында өртенген үйден екі бала құтқарылды

01 наурыз 2022, 01:09

Ақмола облысының Щучье қаласында тұрғын үйден өрт шығып, әйел мен екі бала құтқарылды. Балаларды өрт сөндірушілер келгенше көшеде өтіп бара жатқан бейтаныс адамдар сыртқа алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт 27 ақпанда Щучье қаласында болған.

 

«Сағат 15:25 шамасында Щучье қаласында тұрғын үй өртеніп жатқандығы туралы хабар түсті. Өрттен үйдің қабырғалары мен шатыры бүлінгені анықталды. Өрт аумағы 70 шаршы метрді құрады. Өрт кезінде үйдің ішінде болған екі баланы көшеде өтіп бара жатқан бейтаныс адамдар құтқарып қалды. Ал әйелді құтқарушылар эвакуциялады. Сонымен бірге, өрт сөндірушілер үйдің ішінен екі газ баллонын сыртқа алып шықты. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ», - деді ведомстводан.

 

Осы ретте Ақмола облысының ТЖД қызметкерлері өртенген үйден балаларды құтқарған Щучье қаласының тұрғыны Руслан Әнуарбекке, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары Жаңбыршы Омаров пен Жомарт Нұрғожиновқа алғыс білдіруде.