Оқиға 2022 жылдың 20 желтоқсаны күні сағат 08.21-де Ақсу ферроқорытпа зауытындағы балқыту цехында орын алған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы зауыттың Instagram парақшасында жарияланды. Зауыттың мәлімдеуінше, конвейер жабдығына қызмет көрсету кезінде жазатайым оқиға болып, слесарь-жөндеуші жарақат алған.
- Оқиға орнына дереу жедел жәрдем шақырылып, зардап шеккен адам Ақсу орталық ауруханасының жан сақтау бөліміне жеткізілді. Ер адам жан сақтау бөлімінде көз жұмды, - делінген жазбада.
Оқиға туралы мемлекеттік мекемелерге хабарланып, тергеу басталды. Жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
«Қазхром» ТҰК» АҚ басшылығы мен ұжымы марқұмның туғандары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Зауыт марқұмның отбасына барлық қажет көмек көрсетілетінін атап өтті.