Ақтауда жалаңаш ер адам пәтеріне 3 баланы күштеп кіргізген

15 мамыр 2022, 14:33

Ақтауда ішімдік ішкен жалаңаш ер адам кәмелетке толмаған үш баланы пәтерге сүйреп кіргізіп, балтамен қорқытқан, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Тurkystan.kz-ке сілтеме жасап.

Бірінші сыныпта оқитын екі қыз бен олардың досы балаларды серуендеуге шақыруды ұйғарған. Көршісінің есігін қаққанда табалдырықта жалаңаш әрі мас ер адамның тұрғанын көрген.

 

Балалардың айтуынша, ер адам оларды пәтерге сүйреп кіргізіп, балтамен қорқытқан.

 

«Ол мені жұлқылап, қолымнан тарта бастады. Содан кейін тағы да кездескенше деп айтты да, саусағын мойын бойымен жүргізді, кесіп өткен секілді», – дейді зардап шеккен балалардың бірі.

 

Тағы бір баланың сөзінше, ол бөлмесінде балта және оқ-қарудың бар екенін айтқан. Балалар қашып үлгерген.

 

Көршілердің сөзінше, ер адам бұл үйге бір ай бұрын қоныстанған, бірақ осы аз уақытта барлығының мазасын алған.

 

«Біз бәріміз есеңгіреп қалдық. Тіпті полицейлермен өзін жөнсіз ұстады. Қорқып кеттік. Көрші алкогольді асыра пайдаланады, өте ашушаң, бұл отбасына қатысты бірінші оқиға емес. Бір көршісінің терезесін сындырып, сес көрсеткен», – деп мәлімдеді көршісі Ксения Салимова.

 

Ер адамды полиция бөлімшесіне жеткізгенімен, бірнеше сағаттан кейін ол қайтадан үйіне оралған.

 

Полицейлердің айтуынша, ер адамдардың әрекетінен қылмыс құрамы байқалмаған. Бірақ тәртіп сақшылары «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша хаттама толтырды.

 

«Хабарлама бойынша жедел-тергеу тобы, учаскелік полиция инспекторлары, сондай-ақ ювеналды полиция қызметкерлері келді. Аталған дерек тіркелді. Онда қылмыс құрамы болмағандықтан, материал номенклатуралық іс бойынша есептен шығарылды», – деді Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева

 

Көршілері енді прокуратураға жүгінбекші. Айтуларынша, көршісі бұрын сотты болған, 2 жылдан бері наркологиялық диспансерде есепте тұр. Сонымен қатар олар ер адамның кәмелетке толмаған екі қызын медициналық тексеруден өткізуді өтініп, мектепке жүгінген.