Ақтөбеде 20-шы қабаттан құлаған қыздың анасы күдігін айтты

27 сәуір 2022, 18:48

Ақтөбеде тұрғын үйдің 20-шы қабатынан секіріп мерт болған 13 жастағы қыздың анасы істің дұрыс жүргізілмей жатқанына наразы. Бұл туралы қыздың анасы Ибагүл Қожақова айтып берді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Экспресс К-ға сілтеме жасап.

Былтыр қазан айында Ақтөбенің 11-ші шағын аудандағы 25 қабатты тұрғын үйдің 20-шы қабатынан 13 жастағы Диана Қожақова құлап мерт болды.

 

Сол күні ол құрбысы Нарқызбен бірге оның үй жағына барған. Ал кешкі сағат 18:00-дің шамасында қайғылы оқиға болды.

 

Мәпелеп отырған қызынан айырылған отбасы қайғыдан қан жұтты. Оқиғадан кейін іс қозғалып, полиция қызметкерлері тексеру жүргізді. Диананың ата-анасы қызының суицид жасағанына сенбейді. Ал анасы Ибагүл Қожақова тергеудің дұрыс жүргізілмегенін айтады.

 

Іс қозғалғаннан кейін полиция қызметкерлері үйдің айналасындағы видеокамералардың барлығы қаралатынын, іс жан-жақты тексерілетінін айтқан.

 

Алайда кейін іс дұрыс жүргізілмегеніне көз жеткіздік. Тергеуші Дархан Ерболат жас бала екен. Бізді үш айдан кейін шақырып, дәлелдердің аздығынан іс тоқтатылғанын айтты. Бізге ескертпей, істі таныстырмастан прокуратураға жіберген, — дейді Ибагүл.

 

Ал прокуратура істі архивке жіберіпті. Ибагүл архивке сұраныс жіберіп, құжаттармен танысып, істің дұрыс тергелмегенін көрген. Себебі ешқандай видео материалдар жоқ. Алынған саусақ іздеріне сараптама жасалмаған.

 

20-шы қабаттағы балконнан және есіктен саусақ іздерін алған. Бірақ оның ешқайсысы менің қызымның саусақ іздерімен сәйкес келмейді екен. Мүмкін ол қасындағы құрбысының немесе үшінші бір адамның саусақ ізі шығар. Ешқандай сараптама жасалмаған, — дейді Диананың анасы.

 

Оның айтуынша, қызы 20-шы қабаттан құлады ма, әлде 10-шы қабаттан ба ол жағы белгісіз. Себебі сол маңдағы тұрғындар қыздың шамамен 10-11-ші қабаттан құлап келе жатқанын көрген.

 

Ибагүлдің айтуынша, сараптама кезінде Алматыдағы арнайы орталық мамандары қызының денсаулығында психологиялық ақау, яғни ауытқу жоқ екені жөнінде қорытынды берген. Ал қыздың денесіне жасалған сараптама кезінде оған соққы жасалған ба, жоқ па ол жағы айтылмаған. Жалпы жағдайы жазылған.

 

—Қызым шалқасынан құлаған. Ішкі құрылысы зақымдалып, омыртқасы сынған. Бірақ маңдайының оң жағында жарық бар, жырылған. Біреу ұрған сияқты. Осыны айтқанымызда "жедел жәрдем көлігіне салған кезде жарылған шығар" деді. Солай болған күннің өзінде де тап ондай жарық болмауы керек. Ол соққы қалай болған? Бұл да анықталмады, — дейді Ибагүл.

 

Диананың киімдері де жоғалып кеткен. Мәйітхана қызметкерлері полицияға бердік десе, олар мәйітханаға сілтеген.

 

Ибагүлдің өзі қызы құлаған үйге барып, балконды көзімен көрген. Оның айтуынша, 25 қабатты тұрғын үйдің балкондарының торы биік. Үлкен адамның төсінен келеді.

 

Қызымның бойы менен кішкентай. Орындыққа немесе біреудің көмегіне сүйенбесе, ол өздігінен секіре алмайды. Менің ойымша, сол жерде үшінші адам болған. Біреу оны ұрып, балконнан лақтырып жіберген сияқты, — дейді Ибагүл

 

Диана — үйдің үлкені. Өмірге құштар. Ерке, ештеңеден тарлық көрмей өсіп келе жатқан бала екен.

 

Әр ана баласының жағдайын біледі. Ол өте қорқақ, нәзік . Менің қызым суицид жасаған жоқ. Ішім сезеді, — дейді Ибагүл.

 

Оқиға болғаннан кейін полиция қызметкерлері қызының ұялы телефонын алған. Құлыптаулы телефонды ашу үшін Алматыға жіберген. Алайда телефон ашылмаған. Ал қаладағы телефон жөндейтін орталықтар құлпын ашқан жағдайда ішіндегі мәліметтердің жойылып кететінін айтқан.

 

—Қаладағы телефон жөндейтін жердің маманы тәукелеге барып, "өзім көрейін" деп алып қалды. Кеше ғана сол жігіт хабарласты. Телефонның құлпын ашқан. Барлық әлеуметтік желілер бар, бірақ WhatsApp жоқ. Мен түсінбей қайта сұрадым. Әлгі жігіт "бұл жерде WhatsApp өшірілген. Қайта жазған кезде жаңадан ашылып тұр. Яғни қош келдіңіз деп бірінші рет кіріліп тұр. Қызыңыз өшірген шығар" деді. Менің қызым оны қалай өшіреді?! Осы желі арқылы күнде сөйлесіп жүр ғой. Маманның айтуынша, телефонның құлпын бұған дейін ешкім ашпаған. Телефоннан өшіріп, WhatsApp-ты қайта жазғанның өзінде көшірмесі сақталады екен. WhatsApp қызым көз жұматын күні, яғни 17 қазан күні өшірілген. Менің күдігім үшінші адам қызымнан құпия сөзді сұрап, сол жерде өшіріп тастаған болуы керек. Ал бұны Нарқыз көрген сияқты, — дейді Ибагүл.

 

Ол маусым айында қызының телефонынан құрбысы Нарқыз екеуінің сөйлескен жазбасын оқыған. Онда Нарқыз Дианаға өмірден түңіліп жүргенін айтыпты.

 

"Маған қиын болып жүр. Ешкімге керек емеспін. 25-ші қабаттан бірге секірейік" деген. Қызым "Саған не болып жүр. Бәрі жақсы болады. Ештеңені ойлама" деп жауап берген. Ол "егер менімен бірге бармасаң құрбым емессің" деп қорқытып жазыпты, — дейді Ибагүл.

 

Осыдан кейін Ибагүл қызына Нарқызбен сөйлесуге тыйым салған. Алайда Диана оны аяп, байланысын үзбеген.

 

Тергеуші Нарқыздың телефонын алған кезде Диана екеуінің жазбасын көрген. Тіпті бұны Ибагүл мен Ерболатқа және полиция бөлімшесі бастығының орынбасарына да көрсеткен. Алайда бұл жазба да іске тіркелмепті.

 

Сондай-ақ істе видео материалдар жоқ. Ибагүлдің айтуынша, оқиғадан кейін күйеуі Ерболат қызы секірген үйге қарама-қарсы үйдің кіреберісіндегі камераны қараған.

 

—Күйеуім бейнажазбадан Диананың 5-6-шы қабат маңында құлап келе жатқанын көрген. "Жаны жоқ адам сияқты" дейді. Ал тергеу кезінде ешқандай видео жоқ. Егер сол маңдағы видеокамераға жазылған жазбаларды бізге көрсетсе, мүмкін бір дерек табылар ма еді. Себебі мен сол үйге қарама қарсы №111-ші үйде үш жыл тұрдым. Мүмкін қызымнан кейін біреу кірген шығар. Бірақ бізге ешқандай бейнежазба көрсеткен жоқ. Бұнымен өзге бөлім айналысатынын айтты. Ал "Қазақтелеком" мекемесіне барған кезде олар жазбаны полиция қызметкерлеріне ғана бере алатынын жеткізді, — дейді Ибагүл.

 

Ибагүл оқиғаға қатысты ешкімге кінә артпайтынын айтады. Тек шындықты білгісі келеді. Себебі екі айдан кейінгі сұрақ-жауап кезінде Нарқыз Дианамен бірге 20-шы қабатқа көтеріліп, айналадағы көріністі қарағанын, кейін төмен түскенін айтқан. Ал алғашқы жауап бергенде Нарқыз басқаша сөйлеген. Диана оны үйіне, яғни үшінші қабатқа дейін шығарып салып, кейін лифтіге мініп кеткенін айтқан.

 

Нарқыздың пәтері бар қабатта бір мекеменің кеңсесі орналасқан. Оқиғадан кейін Ибагүлдің күйеуі осындағы Нұргүл есімді қызбен сөйлесіпті. Темекі шегу үшін балконға шыққан Нұргүл, құлап бара жатқан қызды көзі шалады. Нарқыздың пәтері балконға шығатын есіктің дәл қасында екен. Нұргүл қыз құлаған кезде Нарқызды көрмеген. Ол шамамен бес минуттан кейін келіп, есігін қаққан. Және бір түрлі мазасызданып тұрған. Нұргүл Нарқызға бір қыздың құлғанын, үстінде қандай киім бар екенін айтқан. Сол кезде "менің құрбым" деп жылап жіберіпті.

 

Нарқыз бір нәрсені жасырып тұрғандай көрінеді. Мүмкін үшінші адам болған шығар. Ол танитын болғасын айтуға қорыққан болар. Егер бірге секіргілері келсе айтар еді ғой. Ол да бала. Оны да кінәлағым келмейді. Тек шындықты білгім келеді, — дейді Ибагүл.

 

Ибагүл істің дұрыс жүргізілмегенін айтып, прокуратруаға шағымдаған. Прокурор Иван Майнгарт қыздың анасын қабылдап, мәселені мұқият тыңдаған.

 

Осы жағдайдың бәрін айттым. Прокурор жақсы адам екен. Бей-жай қарамайтынын айтты. Арыз жаздым, іс қайта тергеуге жіберілді. Осы іс аяғына дейін толық тексерілсе екен. Менің қояр талабым — осы, — дейді ол.

 

Ибагүлдің айтуынша, Нарқыздың ата-анасы ажырасып кеткен. Әжесінің қолында тәрбиеленеді. Осы оқиғадан кейін олар Алматыға көшіп кетіпті. Ибагүл тергеу қызметкерлері Нарқызды алдырып, мәселенің анық-қанығын тағы сұрағанын қалайды.

 

Аталған мәселе бойынша облыстық полиция департаментіне хабарластық. Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, іс өндірісте жатыр.

 

Бұған дейін Диананың әкесі Ерболат Қожақов қызының суицид жасағанына сенбейтінін айтқан еді.