Ақтөбеде колледж студенттері жаппай төбелес ұйымдастыруға дайындалған. "Атысқа" шығуға бел буған 200 адам түрлі суық қаруларын - кастет, пышақ пен шынжырларын сайлап қойыпты. "Бүркіт" қоғамдық бірлестігі мүшелерінің дер кезінде әрекетке кірісуінің арқасында бұл қырғын тоқтатылды деп хабарлайды "Ақтөбе Таймс".
"Бүркіттің" басшысы Серік Сағиев айтып бергендей, төбелес өткен аптада қаланың қақ ортасында өтуі тиіс болған. 12-ші шағын ауданда 16-22 жас аралығындағы 200-ге тарта жігіт жиналыпты.
"Бүркіт" анықтаған мәліметке сәйкес, бұрынырақ болған бір кеште студенттер өзара келісе алмай, бір ауданның жігіттерін көрші аудандағылар сабап кетеді.
Нәтижесінде жастар тағы бір кездесіп, мәселені жаппай төбелеспен шешпек болған.
"Біз оларды бақылап отырып, істің ушығып бара жатқанын түсіндік. Бірден полицейлерді шақыртып, жанжал шығарушыларды ұстауға көмектестік. Олардың кейбірінде суық қару болды. Қаруды алып, 13 студентті бөлімшеге алып кетті", - дейді Сағиев.
Осыған қарамастан, ертеңіне жас жігіттер сауда орталығының маңында қайта кездескен. Бірақ студенттер біраз уақыт тұрған соң, қайта тарап кетіпті.
Серік Сағиевтің айтуынша, Ақтөбедегі студенттер арасында мұндай жағдайлар жиі орын алады. Тіпті қазір жастар арасында суық қару алып жүру қалыпты жағдайға айналып барады екен. Олар әдетте қаруды өзін қорғау үшін ұстайтын көрінеді.
"Осындай оқиғалардан кейін үздік оқушы құрдасын пышақтап өлтірді деген сияқты жағдайлар орын алады", - деп сөзін қорытты азамат.