Ақтөбеде көлік апатынан әйел адам көз жұмды

30 мамыр 2021, 02:30

Ақтөбеде мас күйінде көлік айдап, рульге ие бола алмаған жүргізуші жол апатына ұшырады. Жол-көлік оқиғасы кезінде жолаушы көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Жол апаты Хромтау ауданының Оңғар кенті маңында тіркелді. Ресей есебінде тұрған «ВАЗ-2114» автокөлігінің 50 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай, жолдың сол жақ бөлігіне аударылған.

 

Жол-көлік оқиғасы салдарынан 40 жастағы жолаушы сол жерде көз жұмды. Ал жүргізуші мен тағы екі жолаушы түрлі жарақатпен Хромтау ауданының орталық ауруханасына жатқызылды.

 

Белгілі болғандай, бұл адамдар өзен жағасында демалған. Жүргізуші мас күйінде рульге отырған.

 

«Аталған факті Қылмыстық кодекстің «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Барлық қажетті сараптама тағайындалды. Мас күйінде көлік басқару — ең ауыр қылмыс деп есептейміз. Көбінесе қайғылы жағдаймен аяқталады», - деп айтты Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов.

 

Жыл басынан бері Ақтөбе облысының жолдарында мас жүргізушілердің кесірінен 5 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан бір адам қаза болып, алтауы жарақат алды.