Ақтөбелік сот пойызда әйелді зорлады деп күдікке ілінген ер адамды ақтады

20 желтоқсан 2022, 17:57

Жәбірленуші тараптың айтуынша, Ақтаудан Алматыға келе жатқан пойыздың купесінде ер адам жанындағы жолаушы әйелді зорлаған. Тіпті басын жастықпен жауып, "дымыңды шығарма" деп қорқытқан көрінеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.

Қоғам белсендісі Дина Таңсәрі бұл жағдайдың осыдан бір жыл бұрын болғанын айтады. Бірақ сол іс бойынша сот жәбірленушінің шағымын жоққа шығарып, әйел зорлады деп айыпталған еркекті ақтап шыққан.

 

Қоғам белсендісінің жазбасына сүйенсек, 2021 жылдың 3 желтоқсанында келіншек Алматыға жолға шығады. Бірақ ол отырған №77 Ақтау-Алматы бағытындағы жүрдек пойыздың купесінде егде тартқан ер адам ғана болыпты. 60-тар шамасындағы еркек деп ойлаған әйел барлық мән-жайды, Таразда тұратын әпкесі мен үйде қалған күйеуіне дейін айтқан. Бірақ жолай әлгі ер адам келіншекке қылмыңдап, ұятсыз әзілдерімен тиісе бастайды. Түн ортасында жастықпен басын жауып, құлағына "саған ұнайды, дымыңды шығарма" деп сыбырлап, арам пиғылын іске асырыпты.

 

Ер адам "ісін" бітірген соң, жолаушы әйел ешкімге жақ ашпастан, бірден әжетханаға жүгірген. Сол жерде үстін жуып, көрші купеде бос қалған орынға алмасыпты. Артынша күйеуіне хабарласқан. Осылайша Таразға жеткенде әпкесі күтіп алып, сол жерде іс қозғалады.

 

Медициналық сараптама кезінде биологиялық айғақтар алынып, әйелдің дене жарақаты белгілері де сызғышпен өлшеніп, іс материалдарына тіркелген. Бірақ көп уақыт өтпей әлгі тергеу қорытындысының бір парасы жоғалып кетеді. Ал сарапшы ол туралы білмейтінін айтып ақталған. Ақыр соңында Ақтөбе облысының Шалқар ауданында өткен сот процесі ер адамды толықтай кінәсіз етіп, нақты зорлау туралы дәлелдердің жоқтығымен ақтап шыққан.

 

Ал қоғам белсендісі соттың әрекетіне көңілі толмайтынын айтып, бұл іске алаңдаушылық танытып отыр. Тіпті жәбірленуші талабын тек прокуратура ғана ескергеніне тоқталған. Енді жәбірленушінің талабымен олар жоғарғы инстанцияға шағымданбақ.

 

Аталған жағдайға байланысты Ақтөбе облыстық сотының өкілдері пікір білдірді. Онда үкім әлі күшіне енбегенін, жәбірленуші тараптың әлі де апелляциялық шағым беруге уақыты барын еске салған.

 

"Жәбірленушінің айғақтарын растайтын куәгер жоқ. Сот-медициналық сараптамада дене жарақаты болмады. Айыпталушыға жәбірленуші арыз жазбай тұрып тергеу шаралары жүргізілген. Сол себепті шағымға дейін жиналған деректер дәлел ретінде танылмайды. Сот айыпталушы Ш-ны қылмыс жасағаны дәлелденбегендіктен ақтады", — делінген сот ақпаратында.