Алакөлде толқын төрт адам отырған катамаранды айдынның ортасына алып кетті

01 тамыз 2022, 22:16

Жетісу облысы Ақши ауылында төрт жас адам, олардың біреуі кәмелетке толмаған, катамаранмен жүзіп жүріп жағадан алыстап кеткен, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.

Желмен көтерілген толқын катамаранды судың ортасына апарып тастаған.

 

Бұл туралы ақпарат облыстық ТЖД кезекші пультіне 1 тамыз күні таңғы сағат 5:15-те түседі.

 

Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін шақыру орнына дереу Жетісу облысы ТЖД Алакөл өңірлік жедел-құтқару жасағының құтқарушылары жіберілді.

 

Жетісу облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, демалушылар сағат 5:40-та жағадан 1,5 шақырым қашықтықта табылып, жағаға жеткізілді.

 

Құтқарылғандарға судағы қауіпсіздік және құтқару кеудешелерін міндетті түрде кию қажеттігі түсіндірілді.