Алматы маңында қарлы төбешіктен сырғанап жүрген 7 адам көлікпен соқтығысты (видео)

18 ақпан 2022, 17:37

Алматы маңында қарлы төбешіктен сырғанап жүрген бір топ адам Honda CR-V көлігімен соқтығысып қалды. Түрлі жарақат алған 7 адам ауруханаға жеткізілген. Оқиғаға қатысты Алматы облысының полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

 

Белгілі болғандай, 13 ақпанда Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округінде тау бөктерінде жергілікті тұрғындар жаппай сырғанаған. Тіпті, арнайы баллондарды жалға бергендер де табылған.

 

Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланды. Кадрларда төбешіктен сырғанап түскен адамдар көрсетілген. Бір мезетте олардың алдынан кроссовер шыға келген. Нәтижесінде адамдар мінген баллон көлікпен соқтығысқан.

 

Зардап шеккендердің туыстары жүргізуші жауапкершіліктен құтылуға тырысып жатқанын айтып, екі тараптың да дәлелін ескеріп, мұқият тергеуді талап етті.

 

Алматы облысы полиция департаментінің хабарлауынша, ауруханаға түрлі жарақат алған 7 адам түскен, оның үшеуі бала.

 

"Адамдар төбешіктің төменгі жағымен өтіп бара жатқан Honda CR-V көлігімен соқтығысты. Жарақат алғандар Есік ауруханасына жатқызылды. Жедел-іздестіру шаралары барысында 34 жастағы жүргізуші анықталып, полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта оған қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Факті бойынша істің толық әрі жан-жақты тергелуін қамтамасыз ету үшін сараптамалар тағайындалды", - деп хабарлады ведомстводан.

 

Назар аударыңыз! Видеода бейәдеп сөздер бар!