Алматы маңында құлаған Bek Air ұшағының апатына не себеп болғаны ресми түрде айтылды

29 сәуір 2022, 17:43

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматы қаласы әуежайының маңында болған ұшақ апатына қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады. Сол кезде Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 әуе кемесі апатқа ұшыраған еді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі kaz.nur.kz-ке сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, ұшақ апатын "ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2020 жылғы 15 шілдедегі №339-IV Заңға сәйкес, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган құрған комиссия тексерген.

 

Халықаралық заңнамаға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, комиссия жұмысына Нидерланд Корольдігінің қауіпсіздік жөніндегі бюросының өкілдері (авиациялық оқиғаларды тексеру жөніндегі мемлекеттік орган) және олардың кеңесшілері – нидерландтық Fokker Services B. V. компаниясының мамандары (Fokker үлгісіндегі әуе кемесі сертификатының иесі), сондай-ақ Мемлекетаралық авиация комитетінің тексерушілері қатысқан.

 

Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесінің (ICAO) Чикаго конвенциясының 13-қосымшасына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, тексеру нәтижелері бойынша қорытынды есеп Нидерланд Корольдігінің қауіпсіздік жөніндегі бюросымен, Мемлекетаралық авиация комитетімен келісілген.

 

"Осылайша, "Бек Эйр" АҚ әуе кемесімен болған авиациялық оқиға ұшақ әуеге көтерілген кезде, қанатының күш түсетін қасиеттерінің симметриясын жоғалтуы салдарынан орын алғаны анықталды. Соның кесірінен ұшақ ұшу-қону жолағынан көтерілгеннен кейін фюзеляжға құлап, қар басқан топырақтың бетімен оңға қарай ауып кеткен, одан кейін әуежайдың периметр бойынша қоршауын бұзып, аталған қоршаудан 9-10 метр қашықтықта орналасқан екі қабатты жеке меншіктегі құрылыс нысанына соғылған.    Комиссия қорытындысына сәйкес, ұшақ қанатының күш түсетін қасиеттерін жоғалтуының себебі жер үстіндегі мұзданудың әсері болуы ықтимал", - дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

 

Қорытынды есептің толық нұсқасын ИИДМ сайтынан қарауға болады.