Алматы облысында әйелімен жанжалдасып қалған ер адам үйін өртеп жіберді

18 ақпан 2022, 13:59

Әйел мен балалары үйден шығып үлгерген, өрт қойған ер адамның шығуына көршілері көмектесті

Алматы облысында жанжалдасқан ерлі-зайыпты үйінен айырылды. Күйеуі ашу үстінде үйін өртеп жіберді, үй толық жанып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оқиға Алматы облысының Талғар ауданында болған. Саяжай алаптарының бірінде бес бөлмелі үй өртеніп кетті. Ол жерде кәмелетке толмаған екі баласы бар ерлі-зайыпты тұрған.

Тексеру кезінде полиция үйдің іштен жанғанын анықтады. Ер адам жанғыш зат пайдаланып, от қойған. Әйел мен екі баласы шығып үлгерген, ер адамды көршілері алып шықты.

"44 жастағы ер адам үйді өртеді деген күдікке ілінді. Ол бұл әрекетке әйелімен жанжалдасып қалғаннан кейін барғанын айтты", - деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу қылмыстық кодекстің 202-бабына сәйкес "бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бойынша жүргізіліп жатыр.