Алматы облысында мас жүргізуші қағып кеткен қыздардың бірі көз жұмды

15 наурыз 2021, 08:19

Алматы облысында мас жүргізуші қағып кеткен оқушы қыздардың бірі көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға 3 наурыз күні Қорам ауылында кешкі сағат 18.00 шамасында орын алған. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, мас көлік жүргізушісі мектептен қайтқан оқушыларды қағып кеткен. Қатты соққының салдарынан қыздар жан-жаққа ұшып кеткен. Ал көлік әрі қарай  бірнеше метр жерде тұрған жол белгісіне барып бір-ақ тоқтаған.

 
8-9 жастағы жеткіншектерге жедел алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, Шелек ауылындағы аудандық ауруханаға ауруханаға жеткізілген.  Дәрігерлер қыздардың екеуі жасанды желдендіру аппаратына қосылғанын, жан сақтау бөлімінде жатқанын айтады. Ал біреуінің денсаулығы тұрақты болғандықтан, облыстық көпсалалы аймақтық балалар ауруханасына ауыстырылыпты.

Ал қазір тоғыз жасар науқастың жүрегі тоқтағаны белгілі болды.

Тағы бір 8 жастағы жәбірленуші әлі де комада. Жағдайы - өте ауыр.

Үшінші оқушы емдеуді жалғастыруда, ал төртіншісі аз зардап шекті.

54 жастағы жүргізуші қамауға алынды. Факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Айта кетсек, бұл жағдайды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз бақылауына алатынын мәлімдеді.