18 жастағы алматылық студенттің ата-анасы оның жоғалғаны туралы полицияға арызданып, Facebook желісінде хабар таратқан. Бұл туралы NUR.KZ хабарлайды.
Ата-анасының айтуынша, Бимәриям Рымбек 28 қазан күні кешкі бес шамасында Алатау ауданы Ақбұлақ шағын ауданындағы дүкенге кіріп, қайта шықпай қалған. Олар сол күні-ақ полиция департаментіне арызданып, қыздарының жоғалып кеткенін жеткізеді.
Перзентін іздеп, шарқ ұрған әйелдің сөзіне сүйенсек, үйінің жанындағы дүкен иесі оның қызымен қарым-қатынас құрғысы келген. Алайда ол отбасылы және екі баласы бар болғандықтан, ата-анасы бойжеткеннің онымен сөйлесуіне қарсылық танытқан.
Желіде тараған хабарламада дүкен иесінің ағасы - полиция майоры екені де айтылыпты.
"Күдіктінің мекен-жайы белгілі, бірақ ол жерді тексерген жедел топ қызды таба алмады. Ол бізге хабарлама жіберіп, Бимәриямды бақытты ететінін айтқан. Егер ол екінші әйел болуға көнсе, құдалар бұл туралы бізге ескертуі керек еді. Ол қызымызды алдап ұстап отыр.
Бимәриям өте жуас, үйден ешқайда шықпайды. Әлеуметтік желіде отырмайды. Оның тіпті жеке куәлігінен басқа жерде суреті де жоқ", - дейді жоғалған арудың жақындары.
Айта кетейік, Бимәриям Рымбек Абай атындағы Қыздар педагогикалық университетінде мемлекетік грантта оқиды.
Алматыдағы полиция департаментінің баспасөз бөлімі аталмыш істің қатаң бақылауда екенін жеткізді. Алайда оның кейбір құпия тұстары болғандықтан, көпшілікке жария етілмейді дейді олар.