Алматыда жүк көлігі қайыршы әйелді басып кетті

12 желтоқсан 2021, 11:12

Куәгерлердің айтуынша, көз жұмған әйел қиылыста қайыршылықпен айналысқан

Алматыда самосвал жүргізушісі әйелді қағып өлтірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қайғылы оқиға Бұқтырма мен Майлин көшелерінің қиылысында болды. Куәгерлер мен Shacman самосвалы жүргізушісінің айтуынша, жүк көлігі Майлин көшесімен шығыс бағытта жүріп бара жатып, бағдаршамда "қызыл" жанғанда, тоқтаған. Болжам бойынша осы кезде жүк көлігінің алдында әйел жүрген. Жүргізуші орнынан қозғалған кезде оны байқамай, басып кеткен.

Салдарынан әйел оқиға орнында жедел жәрдем келгенше көз жұмды. Өзімен бірге ешқандай құжаты болмаған.

Оқиға орнында жол полициясы, криминалистер мен анықтаушылар жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ полицейлер марқұмның жеке басын анықтайды.

Осыған ұқсас жағдай Алматыда тура екі апта бұрын болған еді. Қайыр сұрап жүрген ер адам автобус астына түсіп ажал құшты. Трагедия 27 қарашада Жұмабаев пен Жансүгіров көшелерінің қиылысында болды.