Алматыда мәйітханалардан 41 адамның денесі ұрланған

16 қаңтар 2022, 21:23

Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде мәйітханалардан 41 адамның мәйіті ұрланған. Бұл туралы Алматы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов мәлімдеді.

 

"Шабуылдарды кәсіби дайындықтан өткен, қару-жарақ пен ұрыс әдістерін жетік меңгерген адамдар жасаған. Олар қаза болғандар мен жараланғандарды қалдырмай, өздерімен бірге алып кетті. Сол күндері мәйітханаға 7 шабуыл жасалып, соның барысында белгісіз біреулер қаза болған 41 адамның денесін ұрлап кеткен", - деді Таймерденов брифингте.

 

Ол Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде 149 адамның, оның ішінде 11 құқық қорғау саласының қызметкері қаза тапқанын айтты.

 

Террористер 7 қару-жарақ дүкенін басып алды. 1 347 қару ұрланған.

 

15 қаңтарда Бас прокуратура Қазақстан бойынша бүлік кезінде 225 адамның көз жұмғанын мәлімдеді.

 

Тәртіпсіздіктер кезінде 4578 адам зардап шеккен. Оның ішінде 4 353 адам жараланды, оның 3393-і - құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

 

Қазіргі уақытта 546 қылмыстық істі тергеліп жатыр. Оның ішінде 44-і - терроризм, 34-і - жаппай тәртіпсіздік, 15-і - адам өлтіру.

 

672 күдікті ұсталған. Оның 446-сы соттың санкциясымен қамауға алынды.

 

Ұстауға негіз болмағандықтан 100-ден астам адам босатылған.

 

 

 

sputnik.kz