Алматыда музей қызметкері "жауынгер рухтардың" көмегімен тонаушыларды райынан қайтарған: Оларға семсер мен найза керек болған

10 қаңтар 2022, 12:16

Алматыдағы Қазақстан орталық мемлекеттік музейінің директор орынбасары Бибігүл Дәндіғараева "ежелгі жауынгерлер мен ата-бабалардың рухының" көмегімен тонаушыларды қалай райынан қайтарғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ”Хабар 24” арнасына сілтеме жасап.

Қаланың астаң-кестеңі шығып жатқан сәтте музей қызметкерлері жұмыс орнында түнеген. Олар тонаушылар құнды жиынтықтарды ұрлап кетеді деп қорыққан. Дәндіғараеваның айтуынша, бір топ ұры-қары таңғы сағат 4 шамасында ғимарат жанына келген.

Тәртіпсіздікке қатысқандар музейге басып кіріп, ғұн мен сақ жауынгерлерінің найзалары мен семсерлерін алмақ болған. 
Музей қызметкерінің айтуынша, тонаушылар есікті бұзып, 6-7 адам ішке енген. Ал артында 200 адамнан тұратын топ тұрған. Кейбірінің қолында пышақ болды, дейді оқиға куәгері.

"Оларға нақты не айтқаным есімде емес. Бірақ ештеңеге тиіспеуді сұрадым. Себебі бұл – біздің тарихымыз, оны жоғалтуға болмайтынын ескерттім", – дейді Бибігүл Дәндіғараева. 

Ақырында ол тонаушыларды райынан қайтарған. Айтуынша, бұл істе оған "ежелгі жауынгерлер мен ата-бабалардың рухы" көмектескен. 

Айта кетейік, 6 қаңтар күні қазақ киносының алтын қоры жойылғаны белгілі болды. Жаппай тәртіпсіздік кезінде фильмотека өртеніп кеткен.