Алматыда тау бөктері өртке оранды

09 сәуір 2021, 23:22

Алматының Медеу ауданында тау бөктері өртенді. Бұл туралы оңтүстік астананың төтенше жағдай департаменті хабарлады деп жазады KAZ.NUR.KZ. 

Өрт оқиғасы тоғызыншы сәуір күні сағат 13.50-де орын алды. Тау бөктерінде орналасқан Тау-Самал шағын ауданындағы Олимпийская көшесінің бойында қураған ағаштар мен бұталар өртенген. Өрт сөндірушілер жалын шыққан жерге жаяу көтерілуге мәжбүр болды.

"Қабылданған шаралар арқасында сағат 15.38-де өрт тоқтатылды. Оқиға орнына төрт техника, қол құрал-саймандары мен "Ермак" өрт сөндіру құрылғыларымен қамтамасыз етілген 18 қызметкер жұмылдырылды" , - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Өрттің таралу қаупі жоқ. Алайда, ведомство алматылықтарды құрғақ шөпке темекі қалдығын тастамауға және от жақпауға шақырды.