Алматыда тұрғын үй кешені астындағы тұрақта көліктер өртеніп кетті (фото, видео)

11 наурыз 2021, 11:52

Алматыда тұрғын үй кешенінің бірінің тұрағында екі көлік жанып кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

 

Оқиға 11 наурызда таңертең Алмалы ауданында болған. Сағат 6.20 шамасында "Алтын бұлақ" ТҮК тұрғындары көп қабатты үй астындағы тұрақтан шыққан қою түтінді байқаған. Кейін көлік тұрағында өрт шыққаны белгілі болды.

 

 

Тұрақта тұрған екі көлік өртеніп кетті.

 

"Таңғы сағат 06.23-те өртсөндірушілер "Алтын бұлақ" ТҮК-ке аттанды. Өрт шыққан жерді анықтау үшін өртсөндірушілер арнайы құрал қолданып, оның көмегімен екі көлік жанып жатқанын анықтады. Жақын тұрған көліктерге де өрт қаупі туды", - деді ведомство өкілдері.

 

Тұрақтағы түтінді азайту үшін өртсөндірушілер түтін шығаратын көлікті іске қосты.

 

"Жанған көліктерді сөндіруге газ-түтіннен қорғау қызметі жұмылды. Өрт 06.58-де оқшауланып, 07.09-да жойылды. Өрт шыққан жердің жалпы аумағы 6 шаршы метр. Жақын маңдағы көліктерге таралуына жол берілмеді", - деп толықтырды Алматы ТЖД өкілдері.

 

 

Өрт шыққан жерде 18 өртсөндіруші, 5 техника жұмыс істеді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

 

Куәгерлер бір күн бұрын сол тұрғын үй кешенінде екі белгісіз адам мүлікті қирату әрекетін жасағанын айтты. Олардың бірі ғимарат ішіне өртсөндіргішке ұқсас құрылғымен белгісіз зат шашып жүрген. Сондай-ақ, дәлізде қоқыс шашып, өрт қалқанының есігі мен төбені қиратқан. Олардың әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған.