Астанадағы әскери бөлімде оқ атылып, бір сарбаз жараланды

05 маусым 2022, 14:01

Бұл оқиға шалғайдағы әскери бөлімдерде не қияндағы шекаралық заставада емес, елорданың іргесінде болды, деп жазады инбизнес.кз.

Нұрсұлтан қаласы жанындағы №68665 әскери бөлімшесінде Арман А. есімді тәжірибелі сардар капитан шенінде взвод командирі болып қызмет атқарады. Әскери қызметінде заң мен тәртіпті бұзбаған, жаман істерімен көзге түспеген. Алайда 2022 жылы 26 ақпанда ол ғимарат ішінде қаруынан атып, оғымен әріптесін жаралаған.

Оқиға сыртқа жайылмай, бөлім ішінде реттеліп, "жабулы қазан" күйінде қалған көрінеді. Содан бері қылмыстық іс, тергеу жүрген. Бірақ іс сотқа дейін жетпеді.

Әрине, тергеу кезінде әскери қызметші қызметінен уақытша аласталады. Енді армия қатарынан мүлдем қуылуы ықтимал.

Болған оқиғаға қатысты офицердің нұсқасын оның анасы, Нұр-Сұлтан тұрғыны, зейнеткер Гүлайым апай айтып берді. Ол Қорғаныс министрлігіне хат жазып, баласын Қарулы күштер сапынан қумауды, жұмысын жалғастыруға, айыбын адал қызметпен өтеуге мүмкіндік беруді сұрады.

Оның әңгімелеуінше, баласы қаруласын әдейі атпаған.

"Сол күні балам кезекшілікті қабылдап жатқан кезінде қаруы байқаусызда атылып кетіпті. Оқ контрактімен әскери қызметте жүрген адамға тиген. Құдайға шүкір, ол адам тірі қалды, қазір жағдайы жаман емес, ем алып жүр. Кешірім беруіне байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Менің балам әскери қызметті 14 жыл атқарды. Осыған дейін ешқандай сөгіс, ескерту алған емес. Биылғы қаңтар оқиғалары кезінде 12 күн бойы үй көрмей, Қарағанды блокпостында командирлік қызметін кіршіксіз атқарды, елорданы қорғауға қол астындағы адамдарды жұмылдыра білді", – дейді анасы.  

Сондай-ақ ол ұлының жетістігі ретінде былтырғы жылы Қарағанды, Отар, Ақтау қалаларында жарты жыл бойы әскери техникаларды сынақтан өткізуге қатысқанын алға тартады.

"Ол өз қызметін тек жақсы меңгеріп қана қоймай, оны жақсы көреді. Қазіргі күрделі кезеңде елімізге дайын офицерлер ауадай қажет емес пе? Менің балам әлі де өз тәжірибесімен, еңбегімен еліне адал қызмет ете алады. Отанды қорғауға, қорғанысты арттыруға үлес қоса алады", – дейді Гүлайым.

Капитанның отбасында кәмілетке толмаған 3 баласы бар көрінеді. Гүлайым екі немересінің бала күнінен мүгедек екенін жеткізді.

Ал әскери қызмет қаржылық қолдау сыртында, әлеуметтік жеңілдіктер беретіні белгілі. Енді оның бәрінен айырылып қалмақ.

Оның үстіне Арман 2018 жылы Қорғаныс министрлігінің бағдарламасы аясында "Отбасы банкінен" ипотекаға пәтер алыпты.

Анасы "сол баспананың ай сайынғы несиесін төлеудің өзі үлкен проблема болайын деп тұр" дейді.

"Немерелерімнің мүгедектігі үшін алатын жәрдемақылары несиені өтеуге кетіп қала ма деп қорқамын. Онда немерелерім ем-домсыз қалмай ма? Сөйтіп, оның отбасы күйзеліске түсіп кетуі мүмкін. Сонда не болады, білмеймін. Балам тек осы қызметін біледі. Сондықтан Қорғаныс министрлігінен баламды әскери қызметтен босатпауды сұраймын. Егер елордадағы әскери қызметте қалдыра алмаймыз деп Қазақстанның басқа түкпіріне жер аударып жіберсе де, шыдауға дайын. Тек қызметінен босатпаса болды", – деп жалынады өз хатында Гүлайым апай.

Қорғаныс министрлігі әзірге бұл өтінішті қарастыруда.

"Қазіргі уақытта ол кісінің мәселесі қаралып жатыр. Қорытындысы бойынша Қазақстан заңнамасымен бекітілген тәртіппен нақты жауап берілетін болады", – деп қысқа қайырды ведомство.

Жалпы, Қазақстан Қарулы күштерінде төтенше оқиғалар жиілеп кеткені жасырын емес. Сондықтан кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілер арасында өлім-жітімнің жиілеуіне ерекше назар аударғаны мәлім болды. Ақорда осыған байланысты комиссия құрылатынын жария етті.

Әскери шенділер оқиғаларды қоғамнан жасыруға тырысады, ендеше тексеруді солардың еншісінде қалдырса, әділдік болмауы мүмкін. Сол себепті Мемлекет басшысы әлгі комиссияның басшылық тізгінін Қорғаныс министріне не әскери полицияға емес, өзінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовке сеніп тапсырды.

Алда арнайы комиссия соның жетекшілігімен армиямыздағы келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеруге, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекеттердің қайталанбауы үшін оған тосқауыл қою шараларын әзірлеуге жауапты болады.

инбизнес.кз.