Атырау балықшылары 200 келі тартатын алып қортпа аулады

19 сәуір 2022, 17:48

Атырау балықшыларының ауына бекіре тұқымдасына жататын алып қортпа түсті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Балық шаруашылығы комитетінің ресми өкілі Аслан Жеңісұлының айтуынша, бағалы балық бүгін Жайық өзенінің «Кіші Дамбы» тартымында ауланған.

 

«Мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында 19 сәуірде «Амангелді атындағы» ЖШС-нің балықшылар бригадасы Жайық өзеніндегі «Кіші Дамбы» тартымынан алып қортпаны аулады. Бағалы балықты аулауға «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК-нің қызметкерлері де қатысты. Су маржанының салмағы шамамен 200 келіге жуық. Қазір алып қортпа бекіре балықтарын өсіру зауытына жеткізілді», - деді Аслан Жеңісұлы.

 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда үш көліктен 100 келіден астам бекіре тұқымдас балық табылғанын жазған едік.